Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Соғыс өрті басылмай тұрған аймақтарда сындарлы саясат жүргізу өте ауыр

Опубликовано:

Тоқаевтың ғалымдармен кездесуі
Тоқаевтың ғалымдармен кездесуі. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесуінде әлемдегі жағдай мен Қазақстанның саясаты туралы ойын ортаға салды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық мүдделі мемлекетпен теңқұқықты және өзара тиімді қатынас орнатады.

"Біз серіктестікке баса мән береміз. Арамызды ажыратып, сенімге сызат түсіретін қабырға тұрғызу үшін емес, ынтымақтастық пен өзара түсіністікке бастайтын көпір салу мақсатында жүйелі жұмыс істейміз. Алайда қазіргі уақытта жанжалдар мен соғыс өрті басылмай тұрған аймақтарда мұндай сындарлы саясат жүргізу өте ауыр. Ол үшін табандылық пен сабырлық керек", - деді ол.

Оның сөзінше, дипломатия мен диалог жолын ұстана отырып, Қазақстан үйлесімді әрі әділетті халықаралық құрылым құруды жақтайды.

"Біз ел ішінде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ қандай да бір саяси жағдайдың ығына жығылмай немесе бөтен пікірлерге ермей, ұлттық мүддемізді көздейтін теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырмыз", - деді ол.

"Мемлекет басшысы ретінде, мен үшін Тәуелсіздік құндылықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру және елімізді қарқынды дамыту – басты міндет. Мен әрдайым осы негізгі қағидатқа баса мән беремін. Бес жыл ішінде біз саясат пен экономикадан бастап, мәдениет пен білім беру ісіне дейінгі барлық маңызды салалар бойынша ауқымды әрі институционалды өзгерістерді жүзеге асыра алдық. Ең бастысы, біз халықтың бойындағы шынайы өзгерістерге деген сенімді ояттық. Біз өз бағытымыздан қайтпаймыз. Қолға алған реформалардың бәрін жоспарлы түрде іске асыра береміз", - деді Тоқаев.

Оның сөзінше, стратегиялық бағдар Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар мұны жақсы түсінуі керек және реформалардан шет қалмағаны абзал.

"Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет. Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші.

Халқымыз қашанда жаңашылдыққа құштар болған. Әрдайым білімге, шығармашылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткен.

Бүгінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азаматтардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәдени әралуандылығы ұлттық бірегейлігіміз бен қазақтың "жұмсақ күші" дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бір ауыз сөзбен қазақтың "жұмсақ күші", яғни "soft power" деуге болады", - деді ол.

"Кезінде Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстарымыз зиялылығымен талайды таңғалдырған. Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлғаларымыз арқылы қалыптасқан. Қазір де өзінің білімі, өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз аз емес. Олар кез келген тілді тез меңгеріп алады. Қандай ортаға да жылдам бейімделеді.

Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды. Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пайдалана білуіміз керек", - дейді президент.

Тоқаев қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артылатынын айтты.

"Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін. Шәкәрім "Жас көңілде жарық бар" деп айтқан. Жастарымыз жасампаз және жаңашыл болуы керек.

Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – осының жарқын мысалы. Ғұлама ғалым небәрі 25 жасында "Алгебра" оқулығын жазуға кіріскен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан.

Жас ғалымдарымыз туған еліне пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн. Ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды. Жастарымыз Адал азамат болуы керек. Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады", - деді ол.

Оның сөзінше, жаһандық полюстер мен мемлекеттер арасында күшейе түскен бәсекелестік – жаңа дәуірге қадам басқанымыздың айқын дәлелі.

"Бұрын елдің әл-ауқаты аумағының көлеміне және халқының санына байланысты болса, қазір технология мен адам капиталының сапасы алдыңғы қатарға шықты. Мысалы, ХІХ ғасырдың басында Жер шары халқының үштен біріне жуығы Қытайға тиесілі болған. Бұл елдің әлемдік экономикадағы үлесі де осы шамада еді. Алайда ХХІ ғасырдың басына қарай жағдай түбегейлі өзгерді. Дүниежүзі халқының 5 пайызы ғана тұратын АҚШ әлемдік ЖІӨ-нің 20 пайызын иеленді.

Бүгінде экономикалық бәсеке геосаяси күрестің кезекті кезеңіне ұласты. Осы орайда инновацияның маңызы арта түседі. Әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек. Біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет. Әйтпесе, сағым қуып жүре береміз", - дейді президент.

Оның сөзінше, қолда бар ресурстың бәрін және бәсекелестік жолындағы артықшылығымызды толықтай пайдалану маңызды. Жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды.

"Табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек. Бұл ретте ғалымдарымыз кабинеттерінде тып-тыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс", - дейді Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2110353-toqaev-sogys-orti-basylmai-turgan-aimaqtarda-syndarly-saiasat-zhurgizu-ote-auyr/