Тоқаев АЭС салу бойынша өткен референдум қорытындысы туралы айтты
Жарияланған күні:
![Урна с бюллетенями для голосования на референдуме по строительству АЭС Урна с бюллетенями для голосования на референдуме по строительству АЭС](https://cdn.nur.kz/images/1120x630/a149d146ec1b81a1.jpeg)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай өткен салтанатты жиында АЭС салу жөніндегі референдум қортындысына тоқталып, ел тұрғындарының 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс бергенін атап өтті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, президент ауқымды саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалғанын атап өткен.
Оның айтуынша, конституциялық реформаны іске асыру нәтижесінде биліктің негізгі институттары қайта құрылымдалып, орнықты саяси жүйе қалыптасты. Бұл саяси жүйенің негізі – ашықтық пен әділдік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік. Ең бастысы, халыққа қызмет ету қағидасы қамтылған. Мемлекет басшысы осындай құндылықтар негізінде біздің қоғамдық-саяси өмірімізде іргелі өзгерістер болып жатқанын айтты.
"Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. "Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт" қағидаты – мемлекеттік саясатымыздың негізі. Жалпы, энергия тапшылығының артуы – еліміз үшін өте өзекті проблеманың бірі. Оны дер кезінде шешпесе, экономикамыздың дамуына кедергі келтіріп, азаматтардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, 6 қазанда Қазақстанда елде атом электр стансасын салу мәселесі бойынша референдум өткен еді.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге 7 820 204 адам немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66 пайызы қатысқан. Оның ішінде 5 561 937 адам немесе қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС салуды қолдап дауыс берген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2177901-toqaev-aes-salu-boiynsha-otken-referendum-qorytyndysy-turaly-aitty/