Елімізде су тасқынын болжауға арналған жаңа ақпараттық жүйе іске қосылмақ
Жарияланған күні:
Қазақстанда су тасқынын болжау және моделдеуге арнап әзірленіп жатқан ақпараттық жүйе жыл соңына дейін іске қосылмақ. Бұл жөнінде премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Су кеңесі отырысында белгілі болды, деп хабарлайды үкіметке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Биылғы сәуір айында жерасты суларының мониторингі мен басқаруын жақсарту үшін "Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеология қызметі" құрылды. Су тасқынын болжау және моделдеу мақсатында президенттің тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланған flood.gharysh.kz ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр", - делінген үкімет хабарламасында.
Бұдан бөлек Кеңес отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің негізгі жұмыс бағыттары бойынша баяндамасы тыңдалды. Олардың қатарында гидротехникалық құрылыстарды салу және жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, суды нормативтен артық тұтынуға байланысты тарифтік саясат, су тасқынын болжау және моделдеу, сондай-ақ заңнамалық базаны жетілдіру, кадрмен қамтамасыз ету және мамандар біліктілігін арттыру мәселелері бар.
"Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану және болашақ ұрпақ үшін ауыз суды үнемдеу жөнінде міндеттер қойды. Көктемгі су тасқыны бүкіл су шаруашылығы саласын жаңғырту қажеттігін көрсетті. Біз қазірдің өзінде су шаруашылығы нысандарын ауқымды жаңғырту жұмыстарын бастадық. Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы су ресурстарын басқару жүйесінің тиімділігіне тікелей байланысты. Сондықтан шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығынын өтеуге баса назар аудару қажет. Бірінші кезектегі міндет – келесі вегетациялық кезеңге дайындық. Барлық іс-шара уақтылы жүргізілуі тиіс", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2178326-elimizde-su-tasqynyn-bolzhauga-arnalgan-zhanga-aqparattyq-zhuie-iske-qosylmaq/