"Жабық әкім": Ерболат Досаев журналистер сауалына жауап бермеу себебін түсіндірді
Жарияланған күні:
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың Астанада жыл қорытындысына арналған брифингінде журналистердің бірі мегаполис басшысын тілшілер сауалдарына "үнемі жауап бермей кетесіз" деп сынады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Атап айтқанда, журналистер Ерболат Досаевтың 16 желтоқсанда Тәуелсіздік монументіне гүл қою рәсімі кезінде тілшілер сауалдарына жауап бермегенін алға тартты. "Үнемі журналистер сауалдарына жауап бермей кетесіз. Не себепті өзіңізді жабық әкім ретінде көрсеткіңіз келеді?" деп сұрады тілшілердің бірі.
"16 желтоқсан әр қазақстандық үшін өте маңызды мереке. Ең үлкен мереке. Тәуелсіздік күні. Маған сұрақ қойған кезде мен жұмысқа бара жатқан едім. Шынын айтқанда, ол күні қандай ойларыңыз... Керек болса, бүгін осында келгеннен кейін, (сұрақтарға - ред) жауап беруге дайынмын. Қашып жатқан ешкім жоқ", - дейді мегаполис әкімі.
Ерболат Досаевтың айтуынша, биыл ол Алматы қаласында 32 кездесу өткізген.
"Журналистер қасымда жүр. Қажет болса, сұрақтарыңызды жалғыз маған емес, баспасөз қызметіме жолдаңыз. Сұрақтарға біз ашықпыз. Әртүрлі рейтингтер бар ғой. Бірақ Алматы әкімшілігі жабық деп мен айта алмаймын", - деп жауап берді Ерболат Досаев.
Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған осы брифингте Ерболат Досаев Алматы метросына 1 млрд доллар жұмсалуы керек деп мәлімдеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2201748-zhabyq-akim-erbolat-dosaev-zhurnalister-saualyna-zhauap-bermeu-sebebin-tusindirdi/