Тоқаевтың дипломатиясы: халықаралық байланыс орнатуда 2024 жылы қандай жұмыстар атқарылды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамыту мен өркендету жолында жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасалды. Атап айтқанда, қоғамдық-саяси өмірдегі, әлеуметтік-экономикалық даму, халықарлық байланыс, сыртқы саясаттағы іргелі өзгерістер туралы президент кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәлидің "Егемен Қазақстан" басылымында мақаласы жарияланды.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, сыртқы саясатта да жемісті жыл болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты.
Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілерімен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады.
Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.
Президенттің баспасөз қызметі еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктеріне арнайы тоқталды.
Қазақстан биыл алты халықаралық ұйымға, атап айтқанда, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ-ға, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етті.
Франциямен бірге Рияд қаласында One Water саммитін ұйымдастырды. Осы жауапты миссияларды еліміз абыроймен атқарып шықты. Жоғары деңгейдегі кездесулерде маңызды бастамалар көтеріп, тиісті құжаттардың қабылдануына ұйытқы болды. Егемен әрі дербес ел ретінде өзінің саяси, экономикалық, әскери қауіпсіздік салаларындағы басымдықтарын ілгерілете түсті.
Жыл басынан бері Мемлекет басшысы Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан президентінің соңғы 20 жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет сапарлады.
Бұл Мемлекет басшысының жан-жақты ықпалдастыққа баса назар аударатынын аңғартады. Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барды. Бұдан басқа, елімізге түрлі деңгейдегі сапармен келген 11 шет мемлекеттің басшыларын қабылдап, келіссөздер жүргізді.
Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті. Президент ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді. Бұл – жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей қашықтық.
Салиқалы саммиттер
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық аясында шілде айында Астанада аталған құрылымның 24-саммиті өтті. Қазақстанның Ұйымға төрағалық ету кезеңінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, ұйымның шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықты. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың саны көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Алматы қаласы 2023–2024 жылдары ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды.
Биыл еліміз Түркі мемлекеттері ұйымына лайықты төрағалық етті. Осы кезеңде 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылды. Ортақ түркі әліпбиінің нұсқасы бекітілді. Бес күн бойы Ұлы дала төсін дүбірге бөлеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары осы ұйымның аясында ұйымдастырылған ең маңызды шараның бірі болды. Дүбірлі додаға 90 елден 2 500-ге жуық спортшы келіп, күш сынасты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2205848-toqaevtyng-diplomatiiasy-halyqaralyq-bailanys-ornatuda-2024-zhyly-qandai-zhumystar-atqaryldy/