Top.Mail.Ru

Зектілері

Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты Си Цзиньпин Тоқаевқа көңіл айтты

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин : t.me/aqorda_resmi

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның, соның ішінде Қазақстан азаматтарының қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

Сондай-ақ Қытай үкіметі мен халқының атынан қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оның ішінде 42 Әзербайжан, 15 Ресей, 6 Қазақстан және 3 Қырғызстан азаматы болған.

ІІМ қайғылы оқиға бойынша тергеуді бастады. Ақтау қаласының маңында АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұшақ апатының себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апатын тексеру үшін Қазақстанға үкімет өкілдерін жіберді.

26 желтоқсанда Әзербайжанда ұшақ апатына байланысты аза тұту күні деп жарияланды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысына көңіл айтты. Сондай-ақ борттағы жолаушылардың толық тізімі жарияланды.

Кейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапқаны белгілі болып, олардың тізімі жарияланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқан.

Сонымен қатар тасымалдаушы компания қаза тапқандардың отбасына қандай өтемақы берілетінін мәлім етті.

Бұл ретте вице-министрі Қанат Бозымбаев тергеу аяқталмайынша, қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмайтынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2206047-aqtaudagy-ushaq-apatyna-bailanysty-si-tszinpin-toqaevqa-kongil-aitty/