Тоқаев Путинмен келіссөздер туралы сөз қозғады: Бейресми жағдайда төрт сағат әңгімелестік
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұқбатында Путинмен келіссөздердің нәтижесі қандай деген сұраққа жауап берді. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
Газет тілшісі президентке Қазақстан мен Ресейдің арасындағы тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынас туралы айта келе, былтырғы қараша айында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары жөнінде сөз қозғады.
"Бұл сапар біздің елде де, шетелде де жұрттың жіті назарында болды. Сондағы келіссөздердің нәтижесін қалай бағалайсыз?", - деді журналист.
"Ресей Президентімен өткізген келіссөздер аса мазмұнды болды. Біз сауда-экономика, көлік-логистика, энергетика, мәдениет, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқыладық. Астанаға Ресей Үкіметі мүшелерінің жартысына жуығының келуі Ресей үшін Қазақстанның стратегиялық маңызы жоғары екенін көрсетеді. Келіссөздердің нәтижесі туралы көп жазылды, көп айтылды. Әрине, біраз дүние ақпарат құралдарына шыққан жоқ. Владимир Путинмен бейресми жағдайда төрт сағат әңгімелестік. Бұл кездесуде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ әңгіме барысында халықаралық проблемалар бойынша өзара түсіністігіміз бекемделе түсті. Мен Қазақстанның көп жақты саясатының мәнін ашық айтып, Ресеймен стратегиялық серіктестігімізді және одақтастық қарым-қатынасты дамыту туралы ұстанымға берік екенімізді жеткіздім.
Президент Путин – тәжірибелі мемлекет қайраткері. Ол Қазақстанның ерекшелігін және Орталық Азия аймағындағы ең ірі экономикасы бар маңызды ел екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Ресей біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі екі ел арасын құрлықтағы ең ұзын үздіксіз шекара қосып жатыр.
Владимир Путиннің шетелге сапарының ең көбі біздің елге жасалғаны, яғни оның Қазақстанға 33 рет келгені де көп жайттан хабар береді. Бұдан бөлек, біз телефон арқылы сөйлесеміз, халықаралық форумдар аясында кездесеміз. Бір сөзбен айтқанда, үнемі хабарласып отырамыз. Мұның бәрі Қазақстанға да, Ресейге де қажет. Өйткені бұл екі ел басты рөл атқаратын Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне көлемді сұқбат берді. Сұқбаттың толық нұсқасын Ақорда жариялады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2207738-beiresmi-zhagdaida-tort-sagat-anggimelestik-toqaev-putinmen-kelissozder-turaly-pikir-bildirdi/