Бектенов жеңілдетілген ипотека және жалға беру бағдарламаларын қосуды тапсырды
Жарияланған күні:
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов үкіметтің сәрсенбідегі отырысында жұмысшылар үшін ипотека, сонымен бірге жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ үкіметке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Жұмысшы мамандарды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен пайдаланып, жаңаша ынталандыру тетіктерін енгізу керек. Өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы мамандар үшін ипотека, сонымен бірге жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын", — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы салалық және өңірлік жоспарларды дұрыстап іске асыруды тапсырды. Барлық іс-шара жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметке, экономикаға айтарлықтай әсері болуы тиіс.
Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды, деп ескертті Олжас Бектенов.
Осының алдында премьер-министр ауылға манаман тарту жоспарын әзірлеуді тапсырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2209308-bektenov-zhengildetilgen-ipoteka-zhane-zhalga-beru-bagdarlamalaryn-qosudy-tapsyrdy/