Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жолдасбеков президент болғысы келетін "біртүрлі адамдар" туралы айтты

Опубликовано:

Сайлау додасы енді қыза бастады. Орталық сайлау комиссиясына сайлауға қатысқысы келетін адамдардан өтініш бірінен соң бірі түсе бастады деп хабарлайды КТК арнасы. Тақтан дәмелілердің арасында әйел де бар.

Жалпы 5 үміткердің барлығы  өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ бүгін коммунистер құрылтай өткізіп, партия атынан ортақ кандидатын ұсынды. Елді елең еткізген алғашқы үміткерлердің есімі кім?Лимана Қойшиеваның бүгін күтпеген жерден күллі елге аты шықты. Тақтан үміттілердің арасында ол әзірге жалғыз әйел. Астаналық психологпен  бірге тағы 4 ер адам өзін-өзі ұсынып сайлауға қатысуға өтініш берген. Тек барлығы  жұртқа аса танымал емес. Ел басқарғысы келетіндердің арасында  Асқар Сырғабаев, Сафиолла Алдажанов, Бақыт Әбдікәрімов, Сухраб Мырзашов деген беймәлімдеу кісілер бар.Өздерінің әнұранына еліткен коммунистер де ел басқарудан үмітті. Бүгін басқа партиялардан бұрын құрылтайын өткізген олар сайлауға ортақ кандидатын ұсынды. Бұл жолы көз үйренген Жамбыл Ахметбеков емес, президент сайлауына Ақмола облысынан 68 жастағы Тұрғын Сыздықов қатыспақ. Коммунистік идеяны жақтаушы үміткер жеңіске жетсем жұмақ орнатамын деп отыр."Оң батасын берген орталық комитет партиясының мүшелеріне рахмет айтамын. Ойлаймын қиындыққа қарамай халықтың үлкен сеніміне ие боламыз", - Тұрғын Сыздықов осындай үмітін жасырмады.

Бірақ, президент болғысы келетіндер кандидат ретінде тіркелу үшін алдымен 93 мың жақтасының қолын жинау қажет. Сонымен қатар қазақ тілінен емтихан тапсыруы міндет. Алдымен 1 сағаттың ішінде 2 беттен аспайтын шығарма жазады.

Сосын Абай, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлының шығармаларын ырғағына келтіріп оқып, ал үшінші кезеңде комиссия бекіткен тақырып бойынша 15 минут қазақ тілінде еркін көсілуі қажет. Алайда 2011 жылы бұл сыннан тілге шорқақ Ғани Қасымов өтіп кетіп соңы дауға ұласқаны есте.Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков: "Сен тілді білмейтін сияқты едің, қалай меңгердің деп сұрадым. Жанымды салдым деп жауап берді. Аяғында бір әнді айтып жібергені рас. Оған біз ән айтпа деп қалай айтамыз? Ән айтам дегендер айта берсін. Онда да біз қазақ тілінің деңгейін байқайтын боламыз", - деп өткенгі сайлау барысын еске алады.Лингвистикалық комиссияның өзгермейтін төрағасы соңғы жылдары сайлауға "біртүрлі адамдардың" да қатысқысы келетінін жасырған жоқ. Тіпті алғашқа жарна ретінде төленетін ақшаны Жолдасбековтен сұрағандар болыпты."Бір кісі пойызбен Алматыдан Павлодарға кетіп бара жатады. Содан Астана келгенде президент сайлауы есіне түсіп, сайлауға қатысам деп алдыма келді. Ал бір әйел таңертең шай ішіп отырып, бір кезде сайлау есіме түсті деді. Қатысуым керек деп ол да келді", - деп басқа кандидаттықа үміткерлерді есіне түсірді Жолдасбеков.Әрине, бұл атағың шықпаса жер өртенің  кебі. Көктем шыққанын ескерсек, енді президенттік тақты көздеген ондай "біртүрлі адамдардың" көбеюі мүмкін. Ал Есілдің сол жағалауындағы сайлау додасын билік партиясы қыздыруы тиіс.

Өйткені, мейрамнан кейін, яғни 11-ші наурызда "Нұр Отан" сьез өткізбек. Осы құрылтайда сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылады деп күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/358285-zholdasbekov-prezident-bolgysy-keletin-birtyrli-adamdar-turaly-ajtty/