RU

Қостанай өңірін соңғы үш жыл бойы басқарған Нұралы Сәдуақасовтың қызметінен кетуін көпшілік құп көрді

Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов қызметінен босатылды. Оның орнына Архимед Мұхамбетов барып жайғасты. Ал Бердібек Сапарбаев болса, Ақтөбе облысының әкімі атанды. Ескі де жаңа әкімдердің жұрт жадында несімен есте қалғанын КТК арнасы шолып шықты.

Қостанай өңірін соңғы үш жыл бойы басқарған Нұралы Сәдуақасовтың қызметінен кетуін көпшілік құп көрді. Бұған қарамағындағылардың жаппай жемқорлыққа қатысты айыпталуы себеп.

Өйткені Қостанай қаласының әкімі Ахметбек Ахметжанов қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін қамауға алынды. Ал оның қос орынбасары пара алып, қолға түскен болатын.

Десе де, бұрынғы облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов тұрғындар есінде матрешка кейпінде қалыпты. Қостанайлықтардың ішек сілесін қатырған ойыншық өткен жылы көрмеге қойылып, көптің назарын аудартқан-ды.

Суретшіге облыс әкімі бейнеленген 20 сантиметрлік ойыншық жасауға әлдебір әйел тапсырыс берген екен. Алайда кейін өзі хабарсыз кетіпті.

Сөйтіп, үстіне шапан, қолына қамшы ұстаған Нұралы Сәдуақасовтың суреті бар матрешканы әкімнің өзі сатып алды.

"Осы ойыншық туралы хабар жеткен бойда, дереу көмекшімді жіберіп, матрешканы өз ақшама сатып алдым. Және автордан бұдан былай менің рұқсатымсыз мұндай матрешканы жасамауды өтіндім", - дейді Қостанай облысының бұрынғы әкімі Нұралы Сәдуақасов.

Сәдуақасовтың гитарамен ән айтқаны да қостанайлықтардың әлі есінде.

Енді оның орнына Ақтөбеден ауысқан Архимед Мұхамбетовты футбол жакүйерелері қимай жатыр.

Доп тебуден делебесі қозатын әкімді кезінде жергілікті клубтың фанаттары мультфильмнің кейіпкеріне де айналдырды. Эльф кейпінде билетіп те қойды.

Ал жарты күн бойына бос болған Ақтөбе облысы әкімінің орынтағынан үміттілер көп болған көрінеді. Әлеуметтік желілерде түрлі сауалнамалар ұйымдастырылып, тұрғындар да өз болжамдарын айтып, әлекке түсті.

Тек түс ауа жаңа әкімді үкімет басшысының өзі таныстыратындығы белгілі болды. Өңірдің актив жиналысына тек мәслихат депутатары мен басқарма жетекшілері ғана шақырылыпты.

Жабық жағдайда өткен жиналыста премьер-министр Кәрім Мәсімов өзіне соңғы он айда орынбасар болған Бердібек Сапарбаевты Ақтөбе облысының жаңа әкімі ретінде танысытырды.

Бір жылдан соң зейнеткерлік жасына жететін бұл өңірдің жаңа басшысын жұрт жақсы саясаткер ретінде жақсы таниды. Бұған дейін ол Қызылорда, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарын басқарған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/887151-qostanay-onhirin-sonhghy-ush-zhyl-boyy-basq/