RU

Назарбаев: Ауқатты елдер әлемдегі кедейлік мәселесін шешуі керек

Әлемдегі кедейлік мәселесін ауқатты елдер біріге шешу керек. Бұл жайында Нью-Йорк қаласында қазақстандық журналистерге баспасөз мәжілісін өткізген президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Естеріңізге салайық, мемлекет басшысы кеше БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында баяндама оқып, әлемдегі маңызды проблемаларды және олардың шешімін әлемдік қауымдастыққа ұсынған болатын. Сол проблемалардың бірі кедейшілік пен сауатсыздық.

Президент ақуатты елдер әскери шығынға деп бөлетін қаражаттарының 1 пайызын осы проблемалармен күресуге жұмсауы керектігін айтты.

"Жер бетіндегі кедейшілік деңгейі өте жоғары, миллиардқа тарта халық тоя тамақ ішпейді, миллиондаған адам сауатсыз, балалар арасындағы өлім-жітім жыл сайын 40 миллионды құрайды. Бай елдер кедейлерге көмектесуі тиіс. Осыған байланысты мен барлық мемлекеттердің әскери шығыстарының 1 пайызын Мыңжылдық мақсаттарын жүзеге асыру ісіне бөлуді ұсындым, бұл зор көмек болар еді. Біздің еліміз көтерген барлық мәселелер тиісті қолдау тапты деп есептеймін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, адамзат 2045 жылға қарай барлық негізгі мәселелерді, әсіресе қақтығыс ошақтарындағы проблемаларды шешуі тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/907634-nazarbaev-auqatty-elder-alemdegi-ked/