RU

Орыс православие шіркеуі Назарбаевты марапаттады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллмен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында Патриарх Кирилл Нұрсұлтан Назарбаевты І дәрежелі Сергий Радонежский орденімен марапаттады.

Қазақстан президенті Орыс православ шіркеуіне еліміздің конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясатына жоғары баға бергені үшін алғыс білдірді.

«Барлық Тәуелсіздік жылдары біз үнемі қатынас теңдігін, барлық діни конфессияларға сыйластықты қолдадық. Әрине, Қазақстанда негізгі дін ислам мен православие болып табылады. Бұл рухани әлемнің екі діңгегін - қоғамымыздағы келісімнің негізі десе болады. Қазір әлемде діни және этникалық негізде түрлі қақтығыстар жүріп жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан арамыздағы тұрақтылық пен түсіністікті мақтан етуіміз қажет. Сондай-ақ Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі өтеді», - деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Орыс православ шіркеуі  Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қатынастарды дамытуға үлес қосқанын атап өтті.

Өз кезегінде, Патриарх Кирилл республикамыздың бірегей тәжірибесі басқа елдерге, әсіресе ғаламшардың әр нүктесінде қақтығыс орын алған елдерге үлгі болуы тиіс екенін баса айтты.

«Сіз - әлем таныған, көрнекті мемлекет қайраткерісіз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан қысқа мерзімде қуатты даму жолына түсті. Көпэтникалық мемлекет ретінде Қазақстан - түрлі этнос пен дін төкілдері бейбіт қарым-қатынас орнату жағынан әлемге үлгі десе болады», - деді Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кирилл.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/992591-nazarbaev-darezheli-sergiy-radonezhs/