"Бос сөз": Даниал Ахметов Өскемен маңында жерлері бар деген ақпаратқа жауап берді
Жарияланған күні:

Үкімет кулуарында ШҚО әкімі Даниал Ахметов "Өскемен қаласы маңында жерлері бар" деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Бір депутат Өскеменнің айналасындағы жердің бәрі маған тиесілі екенін айтты. Бұл бос сөзден басқа ештеңе емес, солай деп айтар едім. Ештеңе де расталған жоқ. Сондықтан бұл сұраққа менің баспасөз қызметім, жер қатынастары комитеті толық жауап берді", - деді Ахметов.
Еске салайық, былтыр жыл соңында мәжілістің экс-депутаты Берік Дүйсембинов мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер туралы баяндамасынан кейін ауыл шаруашылығы министрін сынға алған болатын.
Экс-депутаттың сөзінше, министрдің сол баяндамасында Қазақстандағы жер иелерінің аты-жөнін атамаған. Депутат бұдан кейін жерлердің әкімдерге тиесілі екенін, бірақ бұл туралы айтуға бәрі қорқатынын атап өтті.
Кейін кулуарда ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев 2022 жылы 5,2 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты. Оның сөзінше, негізінен бұл жерлер - дұрыс пайдаланылмаған ірі жер телімдері.
"Бұл жер учаскелерін қайтардық, олар мемлекеттік резервке берілді. Цифрлық даму министрлігіндегі әріптестер интерактивті карта дайындап жатыр, дайын болған соң қай жерде, қандай аудандарда жерлердің қайтарылғанын көресіздер. Аты-жөндерін айтпаймын. Ішінде осы интерактивті картадан көруге болады.
Ол жерде үлкен жер учаскелері де бар. Әрине, олар қарапайым адамдарға тиесілі емес. Мен қорықпаймын (аты-жөнін атауға - ред.). Тізімде тек 10 адам емес, жерді қайтарған мың адам, мың кәсіпорын бар. Бұл аз көлемдегі жер емес. Қазір аттарын атауға дайын емеспін, себебі бұл тізім менің қолымда жоқ", - деген болатын министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2017413-bos-sandyraq-axmetov-oskemen-manynda-zeri-bar-degen-qauesetke-qatysty-zauap-berdi/