"Мына жерге келіп шүлдірлеп тұрған жараспайды": Зайытов сұраққа орыс тілінде жауап берген вице-министрлерді сынап тастады
Жарияланған күні:

Мәжіліс үйінде өткен жаңа Салық кодексінің таныстырылымында депутат Ринат Зайытов ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен қаржы вице-министрі Ержан Біржановты қазақша баяндама жасамағаны үшін сынға алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бүгін вице-министрлер мәжілісте Салық кодексі жобасын таныстырды. Таныстырылымда ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен қаржы вице-министрі Ержан Біржанов орыс тілінде баяндама жасады. Сондай-ақ Ринат Зайытовтың алдында вице-министрге салықтық жеңілдіктер туралы қазақша сұрақ қойған депутат Мархаббат Жайымбетовке Азамат Әмрин орыс тілінде жауап берді. Вице-министрлердің бұл әрекетін Ринат Зайытов сынға алып, қазақ тілін қорамауға шақырды.
"Президет Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея сессиясында "Әркімнің патриоттық деңгейі мемлекеттік тілге деген құрметімен өлшенеді" деп анық айтқан. Бәлкім, Евгений Кочетовқа, Роман Васильевич Склярға, тіпті Ринат Рифхатұлы Заитовқа да кешірілетін шығар. Бірақ атасының аты – Әміре, өзінің аты – Азамат, әкесінің аты – Біржан, өзінің аты – Ержан деген азаматтарға мына жерге келіп шүлдірлеп тұрған жараспайды. Басында екі сөйлем, соңында екі сөйлем қазақша айтып, өтірік мүсіркеп, біздің мемлекеттік тілімізді қорламауға шақырамын", - деді Ринат Заитов.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бұл ескертуді жауапсыз қалдырды.
Ал қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекеттік тілде жақсы сөйлейтінін, баяндаманы орысша жасауға экономикалық терминдер себеп болғанын айтып, депутаттың сынына қазақ тілінде жауап берді.
"Ескертуіңізді түсіндік. Мен екі тілде бірдей сөйлей аламын. Салық кодексі болғандықтан, кейбір спецификалық терминдер бар. Сондықтан орысша айттық", - деп жауап берді Біржанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2162493-basynda-eki-soilem-gana-qazaqsha-soilep-deputat-zaiytov-vitse-ministrlerdi-synga-aldy/