Саясат

Зектілері

БҚО-да шалғай аудандарды байланыстыратын күре жолдар жаңғыртылып жатыр

Жарияланған күні:

Жол жұмыстары
Фото: БҚО әкімдігі

Батыс Қазақстан облысында республикалық автожолдардың 73 пайызы, ал жергілікті маңызы бар автожолдардың 52 пайызы қанағаттанарлық күйде. Бұл көрсеткішті жақсарту үшін биыл іргелі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Чапаев-Жаңақала-Сайқын трассасының учаскесі.

Күре жол өңірдің оңтүстік-батысында орналасқан Ақжайық, Жаңақала мен Бөкей Ордасы аудандарын байланыстырады. Оның бойында ондаған елді мекендер жатыр. Алайда көлік қатынасы оңайға түспейді. Өйткені трассаның жарты бөлігі сын көтермейтін. Қазір дәл осы жолдың 61 шақырымын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға мемлекет тарапынан 19 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Тиісті жұмыстарды келер жылы аяқтау көзделген.

"Жаңақазан ауылынан аудан орталығына қатынау қиын. Әсіресе жауын-шашын күндері көліктер батпаққа батып, далада қалып қоямыз. Қазір жолды жөндеп жатыр ғой. Көптен күткен қуанышымыз. Қазірдің өзінде ондаған шақырымы пайдалануға берілді. Қалған учаскені мерзімінен кешіктірмей асфальттап береді деген сенімдеміз", - дейді ауыл тұрғыны Манарбек Тілепберген.

Мемлекет басшысы елдің тыныс-тіршілігі мен экономикасының күре тамыры ретінде логистиканы атап өтіп, жол құрылысы мен сапасына баса мән беруді жүктеді. Аймақта "Чапаев-Жаңақала-Сайқын" трассасынан бөлек, "Барбастау-Ақжайық-Индер" және "Бөрлі-Ақсай-Жымпиты" бағытындағы облыстық автожолдардың учаскелері қайту жаңғыртудан өтіп жатыр. Жауапты мамандардың айтуынша, кейінгі екі трассаның да қолданысқа берілетін күні алыс емес.

"Барбастау-Ақжайық-Индер" автожолының 50 шақырымына асфальт-бетон төселеді. Жобаның құны 8,3 млрд теңге. Тиісті жұмыстарды биыл қараша айында аяқтау жоспарланып отыр. Ал "Бөрлі-Ақсай-Жымпиты" автожолының құрылыс учаскесі 71 шақырым. Жобаға 27,5 млрд теңге бағытталды. Оны келер жылы пайдалануға береміз", - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиев.

Ал аудандық маңызы бар автожолдарды күрделі және орташа жөндеуден өткізу үшін 40-тан астам жоба қолға алынды. Олар барлық ауданды қамтиды. Соның ішінде көбі Қазталов, Жәнібек, Шыңғырлау аудандарына тиесілі.

"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы мен "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында биыл облыста барлығы 642 шақырымнан астам жол жөнделеді. Бұл мақсат үшін ел қазынасынан 91,6 млрд теңге қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2178591-bqo-da-shalgai-audandardy-bailanystyratyn-kure-zholdar-zhanggyrtylyp-zhatyr/