Нарынқол - Кеген автожолы қашан жөнделетіні белгілі болды
Жарияланған күні:

Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан Нарынқол-Кеген республикалық автожолы жөндеуден өтеді. Бұл туралы Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл нарынқолдықтар үшін ақжолтай жаңалыққа толы болмақ. Аудан әкімі баспасөз мәслихатында "Нарынқол-Кеген" автожолының мәселесі биыл шешімін табады дейді.
"2024 жылы бұл жолдың 15 шақырымы жасалынды, қалған 74 шақырымына қаражат бөлініп, "ҚазАвтожол" мекемесі көктем шыға жөндеу жұмыстарына кіріседі", - дейді аудан басшысы Берік Дүйсенбаев.
Сондай-ақ 2025 жылы Райымбек ауданы толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады.
Өңірде 20 елді мекен мен 11 ауылдық округ бар. Бүгінгі таңда Қарасаз және Шалкөде ауылдарына су тарту жұмыстары қолға алынып, жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Жоспар жүзеге асса, Райымбек ауданында ауыз суға қатысты мәселе туындамайды.
Баспасөз мәслихаты барысында аудан басшысы Берік Дүйсенбаев халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту үшін, аймақта бағаны тұрақтандыруға қатысты біршама жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Қуантарлығы, аграрлы өңірде ұн бағасы нарықтан 3-4 мың теңгеге арзан. Оның себебі, екі бірдей кәсіпорын ұнды арзан бағаға сатумен байланысты.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы уақытта Нарынқолда арнайы азық-түлік дүкені ашылады. Ол үшін орында қарастырылып қойған. Алға қойған мақсаттар орындалса, өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы қалтаға ауырлық салмайды деген ойда аудан әкімі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2217413-narynqol-kegen-avtozholy-qashan-zhondeletini-belgili-boldy/