Ішкі істер министрі Сәденов президентке елдегі криминогендік жағдай туралы баяндады
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Ержан Сәденов президентке елдегі криминогендік жағдай және ішкі істер органдарының "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру барысы жөнінде ақпарат берген.
Министрдің мәліметінше, елімізде қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде былтыр қылмыс саны 12,7 мыңға азайған. Соңғы жылдары қылмыс деңгейінің, әсіресе, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Сонымен қатар тергеудің заманауи әдістерін енгізу арқылы қылмыстың барлық санаты бойынша ашылуы жақсара түскен.
Ержан Сәденов қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы да айтқан. 2024 жылы полиция іздеуде жүрген 1949 адамды ұстаған.
Кездесуде мемлекет басшысына ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы да таныстырылған. Соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Министрдің айтуынша, соңғы 12 айда есірткі таратуға қатысты ақпарат жариялаған 7500-ге жуық интернет-ресурс анықталған, 22 тоннаға жуық есірткі айналымға жіберілмеген, 64 есірткі зертханасы жойылған. Интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталған. Нөмірлерді ауыстыруға арналған 48 SIM-box құрылғысы әшкереленген. Алаяқтардың 2 миллиард теңгеден астам қаржыны елден шығаруына жол берілмеген.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы кәмелет жасына толмағандардың құқықтарын қорғау, көші-қонды бақылауды күшейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы да хабардар еткен.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2218121-toqaev-ishki-ister-ministri-erzhan-sadenovti-qabyldady/