Премьер-министр Олжас Бектенов президентке еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады
Жарияланған күні:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуде Олжас Бектенов мемлекет басшысына еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және үкімет қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде баяндаған.
Сондай-ақ президентке экономиканы әртараптандыру мен нақты сектордағы ауқымды бағдарламаларды қолдау арқылы ынталандыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылған.
Премьер-министр жылыту маусымын өткеру, көктемгі егіс жұмыстарына және су тасқынына қарсы дайындық шаралары туралы да айтқан.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа бизнесті дамыту және жеке инвестиция тарту үшін басқарудың заманауи цифрлық тәсілдерін енгізу бағытындағы үкімет жұмысы жөнінде ақпарат берілген.
Кездесу соңында президент премьер-министрге экономиканың қарқынды өсімін және әртараптандыруды қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырған. Сонымен қатар инфрақұрылымды жетілдіруге, энергетика мен коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қатысты міндеттерді іске асыру мақсатында жүйелі шаралар қабылдаудың маңызын атап өткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2223891-toqaev-premer-ministr-olzhas-bektenovti-qabyldady/