Тоқаев "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповқа бірқатар міндет жүктеді
Опубликовано:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кездесуде мемлекет басшысына "Самұрық-Қазына" тобының 2024 жылы таза табысы 39 пайызға, операциялық табысы 9 пайызға өскені туралы мәлімет берілген.
Президентке ұсынылған ақпаратқа сәйкес, былтыр 4 ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталған. Атап айтқанда, Екібастұздағы бірінші Мемлекеттік аймақтық электр стансасының №1 энергоблогы қалпына келтірілген, Сиань қаласында көлік-логистика терминалы жұмыс істей бастаған, Алматының энергетика кешеніне қажетті газ инфрақұрылымының құрылысы аяқталған, Қарашығанақ кен орнында газды кері айдауға арналған бесінші компрессор пайдалануға берілген.
Сондай-ақ Нұрлан Жақыпов биыл мамыр айында битум өндірісін кеңейту жобасы басталғанын жеткізген. Жыл соңына дейін тағы 7 ірі инвестициялық жоба, соның ішінде, Кендірлі кентінде су тұшыту зауыты, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісі, Ақтау портында контейнерлік хаб, Талдықорған – Үшарал магистральді газ құбыры, Жамбыл облысында жел қондырғылары бөлшектерін шығаратын зауыт құрылыстары іске асырылады. Ал Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші теміржолды мерзімінен бір жыл бұрын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Qazaq Air АҚ әуе компаниясы мен "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Теле2) ұялы байланыс операторын стратегиялық инвесторларға сату жөнінде мәмілелер жасалған. Бұл нарықтағы бәсекелестікті арттыруға және Қазақстан экономикасының негізгі секторларына инвестиция тартуға ықпал етеді.
Нұрлан Жақыпов мемлекет басшысына "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының орындалуы туралы да мәлімет берген. Қазіргі кезде 106 мектептің құрылысы бітуге жақын, жыл соңына дейін тағы 102 оқу ошағын салу жоспарланған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" АҚ қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар міндет жүктеп, компания активтерінің тиімділігін жоғарылату, құнын арттыру, сондай-ақ инвестициялық жобаларды уақтылы және сапалы жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырған.
Бұдан бөлек, президент Азия, Еуропа және АҚШ-тағы әлемнің ең ірі қорларымен ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастық орнатудың маңызды екенін атап өткен.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2244987-toqaev-samuryq-qazyna-aq-basqarma-toragasy-nurlan-zhaqypovty-qabyldady/