СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов президентке есеп берді
Опубликовано:
Президент Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Ақорданың хабарлауынша, СҚО әкімі президентке аймақтың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді.
Әкім есебіне сәйкес, ауыл шаруашылығы бойынша майлы және жем-шөп дақылдарының егістік көлемі ұлғайған, тұқым жаңарту деңгейі 11,2 пайызға жеткен, су үнемдеу технологиялары белсенді енгізіліп жатыр.
Сондай-ақ "Кең Дала 2" бағдарламасы аясында шаруаларға 97 млрд теңге бөлінген. Биыл мемлекеттік қолдау ауқымы былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға артқан.
Солтүстік Қазақстан облысы елімізде сүт өндірісі бойынша алғашқы үштікке кіреді, соның ішінде сүт өндіру кешендерінің саны жағынан көш бастап тұр.
Инвестиция бойынша – облыста жалпы сомасы 893 млрд теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 7,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
СҚО әкімі президентке тұрғын үй құрылысына қатысты да есеп берді.
Биыл 332 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда 5 көпқабатты үй тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы да 11 нысанның құрылысы аяқталады. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін биыл 258 пәтер сатып алынады.
Ұлттық жобалар бойынша, атап айтқанда, "Келешек мектептері" жобасы аясында Петропавл қаласында 600 орындық жаңа заманауи мектеп салынды. Сонымен қатар 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау саласында ауылдық жердегі 46 медициналық нысан жаңғыртылды. Өңірге медицина мамандарын тарту мақсатында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.
Президент жиын-терін науқанына дайындықтың, агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асырудың маңызына назар аударды.
Одан бөлек Петропавлдағы 2-ЖЭС-ті жөндеу және жылумен, энергиямен қамтамасыз ету желілерін реконструкциялау жұмыстарын жылдам аяқтау қажет екенін ескертті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2270952-toqaev-sqo-akimi-gauez-nurmuhambetovti-qabyldady/