Тоқаев пен Путин Стамбұлдағы Ресей-Украина келіссөзінің нәтижесі туралы пікір алмасты
Опубликовано:

Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Владимир Путин Қазақстан президентін туған күнімен құттықтап, Стамбұлдағы Ресей-Украина келіссөзінің нәтижелері бойынша пікір алмасты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Кремльге сілтеме жасап.
"Телефон арқылы сөйлесу барысында Владимир Путин Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен шын жүректен құттықтады.
Қазақстан Республикасының президенті өзі қатысқан Мәскеудегі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар сән-салтанатпен, табысты және мазмұнды өткенін және әлемнің көптеген елінде оң әсер туғызғанын атап өтті.
Мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі екіжақты кейбір өзекті мәселені талқылап, қол жеткізген Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ Стамбұлда өткен Ресей-Украина тікелей келіссөзінің нәтижелері бойынша да пікір алмасты", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтап, жеделхат жолдағанын хабарлаған едік.
Еске сала кетсек, 16 мамырда Стамбұлда Ресей мен Украина делегациялары кездесті. Екі сағатқа созылған келіссөздер жабық есік жағдайында өткен, сондықтан нақты келісім жарияланған жоқ.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2245971-toqaev-pen-putin-stambuldagy-resei-ukraina-kelissozining-natizhesi-turaly-pikir-almasty/