Тоқаев Серджо Маттарелланың қолынан Италияның ең жоғары наградасын алды (фото)
Опубликовано:
Астанаға ресми сапармен келген Италия президенті Серджо Маттарелла мемлекет басшысына Италияның ең жоғары наградасы – "Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін" орденін тапсырды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Еліміздің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі. Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз.
Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сізге табысталып отырған бұл марапат біздің Республикамызға сіңірген еңбегіңіздің бағасы", - деді Италия президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың қолынан Италияның жоғары мемлекеттік наградасын алу зор мәртебе екенін жеткізіп, алғыс айтты.
Айта кетелік, бұған дейін мемлекет басшысы Қазақстан және Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін президент Серджо Маттарелланы І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттаған еді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қазақ елінің шынайы құрметі, барша Италия халқына деген достық пейілі мен ыстық ықыласының айғағы екенін жеткізді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2291592-toqaev-serdzho-mattarellanyng-qolynan-italiianyng-zhogary-memlekettik-nagradasyn-aldy-foto/