Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Birgemiz: Вilim": Жоба аясында Павлодар өңірінде мыңнан астам бала білімін жетілдіруде

Опубликовано:

Онлайн сабақ
Фото: Шығармашылық жобалар орталығы

Шалғай елді мекен балалары қалалықтардан еш кем емес, олар да шетел тілін меңгеріп, ғылым тануға талпынады дейді «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасының павлодарлық өкілдері.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде еріктілер қозғалысының маңыздылығын бірнеше рет атап өтіп, 2020 жыл еріктілер жылы болып танылған еді. Оның аясында елімізде «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы 7 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Солардың бірі- «Бірігеміз білім». Бұл бірегей жоба Павлодар облысының мыңнан астам баласын қамтыды.

Оның мақсаты– ауылдық жерлердегі жоғары сынып оқушыларына волонтер-оқытушылардың көмегін ұсыну. Аталмыш жоба өз ішінде бірнеше бағытқа бөлінеді. Яғни, волонтер-оқытушылар балалардың құқықтық, компьютерлік сауаттылығын арттырып, ҰБТ-ға дайындап, тіл үйретумен, түрлі пәндік олимпиадаларға дайындаумен айналысады. Қазір өңірдегі мыңнан астам оқушы онлайн сабақтарға қатысуда.

Білім беру
Фото: Шығармашылық жобалар орталығы

Игі іске қосымша сабақтарға тәжірибесі бар, жоғары сынып оқушыларымен жұмыс жасау үшін қажетті құзіреттіліктері мен дағдылары бар мұғалімдер мен жоғары оқу орындарының жоғарғы курс студенттері ерікті ретінде шақырылды. Олар балалармен ақысыз түрде, үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеп жатыр.

Ұстаздар қосымша уақытта ауылдық мектеп оқушыларымен жиі араласып, жоба ұйымдастырушылары мен өзге мұғалімдермен кері байланыс орнатып тұрады.

Курстар мессенджерлер және ZOOM платформасы арқылы өтеді.

Білім беру
Фото: Шығармашылық жобалар орталығы

Павлодар облысында «Birgemiz: bilim» жобасын үйлестірумен «Шығармашылық жобалар орталығы» жастар қоғамдық бірлестігі айналысады.

"Ауылдағы балалар онлайн форматта білім алу үшін, жоба аясында көпбалалалы және әлеуметтік осал отбасыдан шыққан 60 оқушыға арнайы гаджеттер сатып алынды. Сыйлық ретінде табыстадық. Тек біздің жоба аясында ғана емес, қашықтықтан мектеп сабақтарына да қатысу мүмкіндігіне ие болсын деген оймен", – дейді жобаның аймақтық үйлестірушісі Еркебұлан Күнтуған.
Онлайн сабақ
Фото: Шығармашылық жобалар орталығы

Бұл ретте, елді мекендегі мектеп оқушылары онлайн сабақтарындағы озат көрсеткіштері үшін сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылында тұратын Ақбота Фазолла да бар.

"Барлығы жоғары деңгейде өтті. Маған ағылшын тілінен өткен сабақтар өте ұнады. Оның арқасында шетел тілін меңгеруді әлі де жалғастырудамын. «Зум» платформасы істемей қалған сәтте, мессенджерге ауысып отырдық. Жұмыс тоқтап қалмады. Мұғалімдер біздің бос уақытымызға қарай сабақ ұйымдастырды. Өте ыңғайлы", -дейді 8-сынып оқушысы.

Бұдан бөлек, ерікті-ұстаздарды да атап өту мақсатында, ең үздік 10 волонтерға электронды гаджеттер табысталды.

Онлайн сабақ
Фото: Шығармашылық жобалар орталығы

Айту керек, Павлодар облысында «Birgemiz: bilim» жобасын жүзеге асыру аясында 100 ерікті жұмылдырылып, 1123 ауыл оқушысы 5 бағыт бойынша оқытудан өтті. Қарқынды жұмыс әлі де жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883903-birgemiz-vilim-zoba-aasynda-pavlodar-irinde-mynan-astam-bala-bilimin-zetildirude/

pixel