RU

Ауылда жүріп, дүйім жұртты аузына қаратқан еліміздің жұлдыз блогерлерін білесіз бе

Вышка
Фото: «Кселл» АҚ

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарда жоғары жылдамдықты мобильдік интернет пайда болғалы бері бие сауып, қой бағып, аттың құлағында ойнап жүрген ауылдың қарапайым ұл-қыздары желі жұлдыздарына айналуда. Кей блогерлердің желі парақшаларына жазылушылардың саны миллиондарға жетіп, тіпті шетелдіктер де ерекше қызығушылық танытып отыр. Осы орайда ауылда жүріп, дүйім жұртты аузына қаратқан бірқатар отандық блогерлерді назарға ұсынамыз.

Саян Баетов - қолжетімді интернетпен кәсібін дөңгелеткен ауыл фермері

Қолжетімді интернеттің артықшылықтарын өз кәсібінде жарата білген ауыл фермері Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы ауылында тұрады. Саян Байетов - ІТ-маманы, туған ауылында стартап-жобаны қолға алған азамат малды бақылауға арналған арнайы қосымшасымен талай малшылардың өмірін жеңілдетуде.

Интернетке қосылу мүмкіндігінің арқасында Sanamal атты қосымшамен мал санын бақылаудың тың тәсілін ұсынған жігіт тұрғындарға ZOOM арқылы оның артықшылықтарын да түсіндіріп жүр.

"Осы жүйені ойластырып жасау үшін үш жыл уақытымды жұмсадым... Енді ағайынның арасында мал үшін дау болмайды... 200 бас малыңыз бар болып, ал саны әрдайым өзгеріп, мазаңыз кетіп жүрсе, басқа санау жүйесі қымбат әрі түсініксіз болса, Санамал арқылы малдың жанын қинамай, қашықтан санап, қай мал жоқ екенін біліп алуыңызға болады", - дейді ол желі парақшасында.

Бақташы бозбала - avdi_senpai

Малшы
Скриншот: TikTok / avdi_senpai_i

Жамбыл облысының 15 жастағы тұрғыны Әбдіқадыр Наурызбектің парақшасына TikTok әлеуметтік желісінде 2 миллионнан астам адам жазылып үлгерген. Авди есімімен TikTok-қа тіркелген 9 сынып оқушысы пандемияға байланысты қашықтықтан білім алып жүргендіктен, уақытының көп бөлігін ауылда өткізеді.

Бос уақытында мал жаюға шығатын бозбала TikTok-та өз өмірінен қысқа видеолар жариялап отырады.

Жасөспірім өз парақшасында негізінен малшының күнделікті өмірін түсіреді және жазылушылардың сұрақтарына жауап береді. Бір қызығы, ауылдың қарапайым баласының өмірі, тіпті шетел азаматтарының да ерекше қызығушылығын тудыруда. Жас жігіттің парақшасындағы кей жазбалар екі миллионнан астам қаралым жинаған.

Ал бозбаланың өзі болса, желі парақшасын ақша табу үшін емес, тек қызығушылық танытқаннан жүргізіп жүргенін атап өтті. Айтуынша, туған ауылында бәрі оның TikTok жүргізетінінен хабардар және жасөспірімге барынша қолдау білдіреді.

Әкесіне қолғабыс болып, бос уақытында қой бағатын 15 жастағы жасөспірім әп-сәтте танымал болуына атасы себеп болғанын алға тартты. Оған блогер болып, ауыл өмірін түсіруге атасы кеңес берген екен.

Ауылдағы бизнесвумен - Нұргүл

Жамбыл облысы Қордай ауылында тұратын келіншек бүгінде "Нұр-Академия" атты оқыту орталығының әрі балабақшаның директоры атанып отыр. Отбасылы арудың Instagram желісіндегі парақшасына жазылушылардың саны 60 мыңнан асады.

"4 жыл бұрын екінші ұлым Әмірді дүниеге әкелдім. Он күн өткенде Әлжан ауылында өзімнің алғашқы балалар бақшамды аштым. Әмір де, менің кәсібім де өсіп келеді. Бүгінде барлығы үшін Жаратушыма рахмет айтамын", - деп ағынан жарылған Нұргүл желі парақшасында.

Желі қолданушылары ауылда жүрсе де өз кәсібін дөңгелетіп, көштен қалмай, желі әлемінде өз орнын сайлап үлгерген келіншекке көптеген жылы лебіздері мен мақтауларын жаудырып жатады.

Олар Нұргүлге әсіресе ауылдағы балабақша мәселесін қолға алып, өскелең ұрпақтың білімді болып өсуіне өз үлесін қосып жүргені үшін жиі алғыс білдіреді.

Ауыл келіні - Азель Исатайқызы

28 жастағы Азель Исатайқызы Ақтөбе облысының Хромтау ауданы Бөгетсай ауылында тұрады.

Келіншектің Instagram желісіндегі парақшасында құрт жаю, қазан-ошақты әктеу, кілем жуу, самаурын жағу, сәкіде ыдыс жуу, малды өріске айдау, арамшөп жұлу секілді ауыл тірлігінің куәсі бола аласыз. Онымен қоса Азельдің әзіл аралас әдемі әңгімесі де оқырмандарын баурап жүр. Бүгінде оның парақшасына 20 мыңдай адам жазылып үлгерген.

"Келін болғаныма алты жыл болды. Екі ұлым бар. Енемнің қолында тәрбиеленіп келемін. Өзім де осы ауылдың қызымын. Желіде парақша жүргізуді өткен жылы ғана бастадым. Жолдасым Хромтау шахтасында жұмыс жасайды. Парақшамды біледі. Тыйым салып, ескерту жасаған емес. Мені көп жағдайда суретке қайын інім түсіреді. "Жұлдыз болып кетпе" деп қалжыңдайтын да сол. Қолым босаған кезде ауыл тынысын Instagram әлеміне жүктеп отырамын", - дейді ол.

Жас келін аудандағы жалғыз мектеп гимназиясында директордың орынбасары болып қызмет етеді екен. Оқуын қызыл дипломмен бітірген ару ауыл өмірін көпшілікке насихаттап жүр. Айтуынша, бүгінде ауылда кез келген тірлікті дөңгелетуге барлық жағдай бар.

"Қазір ауылдық жерде еш қиыншылық жоқ: су да, газ да бар. Құс бағамын десеңіз өзен, мал бағамын десеңіз өріс бар. Қаймақ, май, құрттың бәрін өз қолыңмен жасағанға не жетсін?! Бәрі тегін. Балалар да емін-еркін өседі. Қаладағыдай төрт қабырғаға телміріп отырмайды", - дейді ол.

Әсел Қапасова - лайфстайл стиліндегі блогер, кәсіпкер

Әсел Instagram желісінде жұлдыз болып, 200 мыңнан астам жазылушы жинап үлгерген. Алайда, айтуынша, әлдебіреулер оның парақшасын бұзып, ақыры ол жаңадан парақша ашуға мәжбүр болған екен.

Десе де қиындықтарға мойымайтын ару бүгінде жаңа парақшасында 32 мың жазылушы жинап алды.

Әсел де Қордай ауылында тұрады. Бойжеткен ауылда түрлі киімдер сататын дүкен ашып, дүкеннің желідегі ресми парақшасын белсенді түрде жүргізеді.

Желі қолданушыларының сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Әсел қайырымдылықты да қолға алған. Ол көмекке мұқтаж жандар үшін қаражат жинап, қол ұшын созуды ұмытпайды.

Нұриманова Динара - Маңғыстаудың келіні

Ауылда тұратын келіншек өзін қарапайым қазақтың заманауи келіні ретінде таныстырады. Бүгінде арудың парақшасына 15 мыңға жуық адам жазылған.

Жиырма жастағы Динара сонымен қатар аяулы ана атанып отыр.

"Қосқұлақ ауылының қызы, Есенбет ауылының келінімін. Аллаға Шүкір өмірім тамаша. Ең позитивті жанмын десем де болады. Менімен бірге болыңыз! Өкінбейсіз". - деп жазған ол өз желі парақшасында.

Динара отбасылық өмірде жиі кездесетін күлкілі жағдайларды әзіл аралас бейнежазбаларында ел назарына ұсынып жатады.

Сисенбаева Дикош - Инста Ханшайым

Өзін Дикош ретінде желіде таныстырып жүрген ару "Инста ханшайым-2020", "Хит ханшайым-2021" атақтарына ие болған екен. Бүгінде арудың парақшасына 40 мыңнан астам адам жазылған.

24 жастағы Дикош ардақты ана, аяулы келін атанып отыр. Бейнеу ауылында тұратын келіншектің парақшасынан отбасылық өмірдің қызықтарын, қазақ дәстүрлеріне қатысты пайдалы ақпараттарды таба аласыз.

Бойжеткен тұсаукесер бұйымдарын әзірлеу арқылы да ауылда кішігірім кәсібін дөңгелетуде.

Суперкеліншек Айдана

Instagram желісінде суперкеліншек ретінде тіркелген Айдана есімді ару 170 мыңнан астам жазылушы жинап үлгерген.

Келіншектің басты аудиториясы нәзік жандылар екенін бірден байқауға болады. Ол парақшасында түрлі алтын бұйымдарға жүріп жатқан жеңілдіктер туралы хабарлап отырады.

"Руым - Ақпан, нағашым - Құнанорыс, еңкейіп түскен елім - Қараш. Ата-енемнің қолындағы кіші келінмін. 3 қыздың анасымын... Күйеуім бар, ажыраспағанмын. Сотталмаған деген справкам бар. Жұмыссыз деген справкам жоқ", - деп өзі туралы ақпарат берген Айдана күйеуіне қолғабыс болып жүргенін және алтын сатумен айналысатынын алға тартты.

Аружан Мергенова - ауылдың қызы

Бойжеткеннің Instagram парақшасына жазылушылар саны 90 мыңға жуықтайды. Аружан желі парақшасында боянған сәтінен және отбасылық қызықтарынан видеоларды ел назарына ұсынып отырады. Арудың парақшасындағы видеоларда жиі бой көрсететін жарқын жүзді әжесі желі қолданушыларының ерекше сүйіспеншілігіне бөленген. Аружанның бір ғана жазбасы жүздеген лүпіл жинап жатады.

Айта кетсек, желіде қаланың сәнді қыз-жігіттерін қарапайым ауылдың балалары біртіндеп ығыстыра бастауының өз себебі де жоқ емес.

Бұған бірінші кезекте соңғы уақытта ауылдың түкпір-түкпірінде интернеттің қолжетімді болып жатқаны тікелей әсер етуде. Елімізде "250+" атты жоба қолға алынғалы бері бірқатар ауыл тұрғындары үшін жоғары жылдамдықты мобильді интернет пайда бола бастады.

Нәтижесінде ауыл өмірін насихаттайтын блогерлер қатары көбейіп, оларды тіпті шетел азаматтары да қызыға тамашалауға көшкен. Арасында Қазақстанға келуге ниеттеніп, ауыл тіршілігіне ғашық болғандары да баршылық.

Ауыл жастары интернет әлемінде өз орнын сайлап қана қоймай, онлайн бизнестің қыр-сырын жан-жақты меңгеруге кіріскен. Осы орайда, ауылдарды интернетпен қамамасыз етуді көздейтін "250+" жобасына белсенді атсалысып жүрген Kcell ұялы байланыс операторының өкілі бүгінгі таңда ауыл жастары мен қала жастары арасындағы цифрлық теңсіздік жойыла бастағанын атап өткен еді.

Қазір ауылдарда блогосфераның жаңа жұлдыздары көбірек пайда болады. Бұл көбіне «250+» жобасына байланысты - 250 адам тұратын барлық қазақстандық ауылдар үшін жоғары жылдамдықты Интернетке қол жетімділікті қамтамасыз етуге арналған Kcell және басқа ұялы байланыс операторларының бірлескен бастамасы.

Kcell-дің бас директоры Юрий Харламов ұялы байланыс операторларына жоба туралы бірнеше сөз айту туралы біздің сұрауымызға жауап берді:

«Біздің Қазақтелекомның қолдауының арқасында мүмкін болған 250+ жобасы аясында ауылдық жерлерде тұратын барлық қазақстандықтар жоғары жылдамдықты мобильді Интернетке, демек, сандық мемлекеттік және жеке қызметтерге, қашықтықтан білім алуға қол жеткізді.» қашықтағы жұмыс, мобильді банкинг, телемедицина және басқалары, бұл қазіргі әлемде өте маңызды. 250+ жобасы сандық алшақтықтың шекараларын жояды».

*PR құқығында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/press-relizy/1900376-auylda-zurip-duiim-zurtty-auzyna-qaratqan-elimizdin-zuldyz-blogerlerin-bilesiz-be/