Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысына барды

Опубликовано:

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президенттің тапсырмасы бойынша Қызылорда облысына барып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Облыс тұрғындары алдында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев Қазақстанның өткен кезеңдегі негізгі жетістіктеріне тоқталды.

"Тәуелсіздік жылдарында біз өз мемлекеттілігімізді қалыптастырдық. Қазақстанның шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеу жүргізілді. Мемлекеттік институттардың берік негізі қаланды. Ел жоспарлы экономикадан уақыт талаптарына жауап беретін жаңа экономикалық модельге көшті", - деді Сенат Төрағасы.

Ол сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және ықпалды мүшесіне айналғанын атап өтті.

"Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімдерінің арқасында еліміздің орталығында – жаңа Нұр-сұлтан қаласы салынды. Елорданы тұрғызу еліміздің барлық экономикасы мен өңірлердің дамуына мультипликативтік әсер етті. Осы жылдар ішінде Қызылорда облысы қарқынды дамып, қазір маңызды индустриялық және аграрлық өңірге айналды", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сенат Төрағасы Арал теңізінің мәселесін шешу жолдарына да назар аударды.

"Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Арал проблемасына үлкен мән беріле бастады. Елбасының ұсынысы бойынша "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау"ауқымды жобасы қолға алынды. Осының арқасында Солтүстік Аралдағы су деңгейін көтеріп, көптеген биологиялық түрлерін қалпына келтіруге мүмкіндік туды", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалардың жаңа кезеңі басталғанын назарға салды.

"Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Мемлекеттік басқару саласында жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік органдар жұмысының негізгі қағидаты "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы болды. Сондай-ақ, жергілікті өкілді және атқарушы билік органдарының дербестігін арттыру үшін маңызды қадамдар жасалды. Биыл алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өтті. Бұл азаматтардың жергілікті биліктің қалыптасуына тікелей ықпал етуіне мүмкіндік берді", - деді Сенат Төрағасы.

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Салтанатты іс-шара барысында Сенат Төрағасы ҚР Президентінің атынан ел мен өңірдің дамуына ерекше үлес қосқан қызылордалықтарға мемлекеттік наградаларды табыстады.

Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында Мәулен Әшімбаев Қызылорда қаласында табақ шыны өндіру және өңдеу зауытын іске қосу рәсіміне қатысты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында іске қосылған бұл кәсіпорынның өңір үшін маңызы зор және өңір экономикасына оң әсер етуі тиіс.

"Шыны өндіру барысында 90% жергілікті шикізат пайдаланылады. Шыны бағасының 80%-ын құрайтын негізгі компонент - кальцийленген сода. Сондықтан, Аралда салынатын сода зауытының негізгі тұтынушысы - осы зауытымыз болмақ. Зауыт толық қуаттылыққа шыққанда 226 жаңа жұмыс орны, қосалқы өндірістерде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады, бірінші кезекте жергілікті мамандарға басымдық беріледі", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев пен Гүлшара Әбдіқалықова “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 50 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсіміне және спорттық-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/press-relizy/1946000-maulen-asimbaev-qyzylorda-oblysyna-bardy/