RU

Меруерт Түсіпбаева "не дикциясы, не ойы жоқ" беті әдемі әншілерді сынға алды

Әнші Меруерт Түсіпбаева «Астана» арнасының «Сырласу» бағдарламасында әншілердің тележүргізушілікпен айналысатынын қатаң сынады, деп хабарлайды Baistars.kz.

«Етікші — етік тіксін, журналист — бағдарлама жүргізсін. Қазірде әншілер бағдарлама жүргізеді: не дикция жоқ, не ой жоқ, не интеллект жоқ. Беті әдемі әншілерді жүргізуші қып қояды, ал олар болса не айтып отырғанын өздері де білмейді. Неге ол отырады? Өйткені ол танымал, ал журналист танымал емес. Атам заманнан бағдарламаны журналистер жүргізетін, сол өздері жүргізсін. Әнші әнін айтсын, биші биін билесін, қаржыгер ақша санасын. Мемлекетіміздің рухани ақсап жататынының бір себебі де осы», — деді Меруерт Түсіпбаева.

Сонымен қатар, ол өнерге сырттан келетін өнерпаздарды жақтырмайтынын білдірді.

«Біз өнер жолына түсуден бұрын білім алдық: колледж, академия, аспирантура. Әр сатыдан өттік. Ал өнерде жүрген кей адамдар нотаны да білмейді. Одан «тоника, субдоминанта, доминанта деген не» деп сұрашы, олар білмейді. Ол тек эстрадада ғана емес, кинода да сырттан келген адамдар көп. Неге біздің қазақтың киносымен көп көрермен әуестенбейді? Өйткені бізге киноға, сериалға сырттан адамдарды әкеле салады. Бізде осы қазақбайшылық жайлаған. Өнерде осы болмаса екен деймін», — деп ашынды Түсіпбаева.

Соңғы кездері актерлік қырынан танылып жүрген әртіс Қазақстанда киноиндустрия дамыса, эстрададан мүлде кеткісі келетінін де жасырмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1066783-meruert-tusipbaeva-ne-dikciyasy-ne-oyy/