RU

Сахнада үнемі күлімсіреп жүретін отандық әншілер қандай мінез көрсете алады?

Сахнада үнемі күлімсіреп жүретін әншілер өмірде қандай? Жұлдыздардың тік мінезін халық біле ме? Танымалдылық адамның мінезін өзгерте ме? Сахнада шәлкез мінездерін көрсетпей, үнемі күліп жүретін кейбір жұлдыздар шынайы өмірде мүлдем басқа деп хабарлайды 31 арна.

Көрерменді қыран-топан күлкіге көмкеретін "Бауыржан- шоу" театрының басшысы Бауыржан Ибрагимов жақында қонақ үйлердің бірінде бейәдеп қылық көрсетіп, елдің наразылығына қалған болатын. Танымал тұлға қонақ үйде өзіне орынның жоқтығын естігенде, түсіндіріп тұрған қызметкерге бірталай сөз айтып тастаған.

Алайда, екі күннен кейін "жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ" деген ел ағасы болған оқиғаға өкініп, қызметкерлерден кешірім сұрады.

Арнаның түсірілім тобы әншілердің нағыз келбетін білу мақсатында тексеріп көрмек болып, өнер адамдарына бір-екі тәжірибе жасап көрген еді. Сөйтіп, олар әншілер көп жиналатын орынға барды.

Саят Медеуов

Әдетте бұл - Республика Сарайы. Тілшілер сахнада аса сабырлы әрі елдің сүйікті әншісі  Саят Медеуовті әңгімеге тартты. Сұхбат барысында техникалық ақаудың болғанын алға тартып, бір сұрақты үш рет қойып, оған әнші үш рет жауап берсе де Саяттың жүйкесі сыр бермеді.

Алайда, 4-ші рет қайталатпақ болғанда әнші  шыдамай кетті.

"Осы жазбай-ақ қояйықшы, бағанадан бері бір әңгімені 100 айтып жатырмын да. Болмайтын нәрсе болмай-ақ қойсын. Қойшы", - деп қайырды Саят Медеуов.

Айгерім Қалаубаева

Журналистер бөтелкеге су толтырып алып, әншілердің жүйке жүйесін тексермек болып олардың бетіне су да шашты.

"Менің ойымша, әрбір сахнадан шыққан өнер азаматтарына өстіп сеуіп тұрсаңыздар керемет болады", - деп бұл әрекеттеріне жауап қатты әнші Айгерім Қалаубаева.

Жазира Байырбекова

Әнші Жазира Байырбекова да дәл осындай пікірде. Ел алдында жағымсыз мінез көрсетіп ұятқа қалмауды қадағалап жүреді екен.

"Менің мінезім жаман деп ешкім айтпайды ғой. Әркімге өзінің мінезі дұрыс сияқты көрінеді. Бірақ өнер адамдардың барлығында мінез бар. Негізі көбісі айтады, сахнадағыдай емессіз деп, мен сахнада өжет, мықты, ұстанымы мықты, жігерлі әйел сияқты көрінеді екенмін. Шынында мен өте нәзікпін", - дейді ол.

Меруерт Түсіпбаева

Ал әнші Меруерт Түсіпбаева болса, шәлкез мінезін еш жасырмайды. Өзіне тиіскендерді аямаймын, тік мінездің арқасында жұртқа жақпай қалатыным тағы бар дейді.

"Мен тікпін. Ұнаса ұнады деймін, ұнамаса ұнамады деймін. Мен амандаспаймын, көңіл-күйім жақсы болса сөйлесемін, жақсы болмаса мен  ешкімге, кешіріңіз, жағымпазданып, ой бұл продюсер, ой бұл киноға түсірмей қояды-ау, жақсы амандасайын, бетінен сүйейін деген сияқты менде ондай болмайды", - деп ағынан жарылды әнші Меруерт Түсіпбаева.

Роза Әлқожа

Ал Роза Әлқожа тіптен сабырлы болып шықты. Күні кеше өнер иесі орамал сататын дүкеніне үш бірдей ұры түскен. Бұл туралы әншінің өзі әлеуметтік желіге салып, көпшілікпен бөлісті. Қалада болмаған әншінің жоқтығын басынған ұрылар 40 мың теңге мен сатушы қыздың құжаттарын үптеп кеткен.

Ернар Айдар

Ерке мінезімді тек үйде ғана көрсетемін деген Ернар Айдар жақында «Жарай ма?» атты жеке кешін ұйымдастырды. Құшақ-құшақ гүлдің астында қалған өнер иесі жиналған жұртты жаңа туындысымен қуантты.

"Сахнада барынша қойылым көп болады ғой, оны өзгертуге тура келеді. Менің мінезім бар деп ананы мынаны көрсетуге бола бермейді. Оған бағынамыз бәріміз. Аға-әпкелеріміздің жолын, ізін басып келе жатырмыз", - дейді Ернар Айдар.

Әнші Ернардың концерттен кейін жұмыс кестесі тығыз. Түрлі шетелдерге шақырту алуда. Басы дауға қалып, мінездерін барынша ашық  көрсетіп жүрген  өнер жұлдыздары да басым. Олардың арасында әнші Бейбіт Қорған,"Шымкент- шоу" театрының актері Берік Тұрсынбеков те бар. Дегенмен, осындайда " ұлық болсаң, кішік бол" деген сөздер еріксіз еске түсетіні анық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1069757-sakhnada-unemi-kulimsirep-zhuretin-ota/