Қазақстанда келіндер бәйгесі басталды (видео)
Опубликовано:
Отандық 31 телеарна елімізде бұрын-соңды болмаған реалити-шоуды көрермен назарына ұсынбақ. Шоуда шаңырақ көтеруге бел буып, ең қуанышты күнін естен кетпестей ерекше өткізуге асыққан бойжеткендер бір-бірімен жарысып, бәйгеге түседі.
14 наурыз күні Алматының "Мирас" салтанат сарайында "Келіндер бәйгесі" реалити-шоуының тұсаукесер таныстырылымы өтті. Мерекелік шара барысында актер әрі тележүргізуші Тәуекел Мүсілім күйеужігіт кейпінде Кәмилә есімді аруға "үйленіп", БАҚ өкілдеріне арнап беташар ұйымдастырылды.
31 арна ұсынып отырған жобада босағаны жаңа аттаған жас келіндер бір-бірінің тойына барып, мерекенің қыр-сырын жіті бақылап, қалыңдық көйлегіне, ас мәзіріне, залдың безендірілуіне, тойдың қызықты өтуіне мән беріп, бір-бірінің талғамына төрағалық етеді.
Өзара сайыс кезінде қалыңдықтар қоғамда белең алған той жарысы, қымбат көйлек, танымал әншілерді шақырту, ақша шашу мәселесінің қаншалықты дұрыс екенін сарапқа салады.
"Отбасымен бірге көретін" сауық бағдарламасы көрермендерге тойдың қызығы мен шыжығын ұсынып қана қоймай, қазақ тойының мәртебесін өсіріп, кем-кетігін түзеуге септігін тигізуді көздеген.
Еске сала кетсек, "Келіндер бәйгесі" реалити-шоуына Қазақстанның әр өңірлерінен іріктеу жүргізіліп, бағдарламаға 16 жұп таңдап алынды. Мәреге жеткен жеңімпаз жұп бал айын өткізуге берілетін жолдамаға ие болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1072182-arqaysysynynh-toyyna-bagha-beretin-tor/