RU

Серік Абас-Шах ғашықтар күнін белгілеуге сүйіктісі себеп болғанын айтты

Танымал продюсер Серік Абас-Шах 15 сәуірді ғашықтар күні ретінде тойлау туралы ұсынысы эгоистік идея екенін әңгімеге арқау етті.

Телевизия маманы бұл идеясы қалай пайда болғанын Facebook парақшасында жариялады, деп жазады "Корреспондент" басылымы.

Жазба авторы Халықаралық әйелдер мерекесіне орай өзінің өмірінен сыр шертетін әңгімені баяндай келе, 2000 жылдың 15 сәуірі бүгінгі жұбайының маңдайынан алғаш рет сүйіп, бақыттан басы айналған күн екенін жазған.

«...Тағы бір сөйлесіп көрсем қайтеді деп дәмеленіп қоямын. Жүрек деген сыздап, мұздап... Несін айтам, басыңыздан өткен шығар? Бір айдан соң, тағы кездестік... Тағы да сүмірейіп тұрып, тағы да бірдеңелерді міңгірледім. Жолым болды. Бірінші рет, маңдайынан сүйдім. Бұл 15 сәуір болатын», - дейді продюсер.

Продюсер өз постында «Кейін осы датаны басқа сылтаумен махаббат мейрамы деп белгілеп, телеэфир арқылы көрерменге идея тастадым. Мәселеден хабарсыз жұртшылық мұны қуана қабылдады. Қазір жыл сайын тойланады. Көрермен қауым, сол бір эгоистік идеям үшін сіздерден кешірім сұраймын. “Я больше не буду”», - деп жазған.

Яғни, бүгінде елімізде жыл сайын тойланып келе жатқан Ғашықтар күнінің тарихына осылайша тоқталған ол арада 16 жыл өткен соң халықтан кешірім сұрап отыр.

Бұдан өзге телевизия маманы қалай шаңырақ көтергенін және де сол кездегі орыстілді бойжеткеннің бүгінде қазақшасы түзелгенін әңгімелеген.

Мұны оқыған желі қолданушылары продюсер мен оның жұбайына мәңгілік бақыт тілеп, тіпті біреуі құдды бір үнді фильмін көргендей әсер алғанын жасырып қалмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1074931-serik-abas-shakh-ghashyqtar-kunin-belgile/