Әлмира Ахатова: Кітап оқымайтын қазақ қызы "Қазақ аруы" атануы мүмкін емес
Опубликовано:
"Қазақстан аруы" атанған Әлия Мергенбаева кітап оқымайтынын айтып жұрттың сөзіне қалған еді. Ал "Қазақ аруы" Әлмира Ахатова кітап оқымайтын арудың қазақ қызы деген атқа лайық емес екенін ашық жеткізді.
Бұл туралы ойын сұлу бойжеткен “Орталық хабар” бағдарламасында ортаға салды.
“Кітап оқымайтын, сегіз қырлы, бір сырлы емес ару "Қазақ аруы" атануы мүмкін емес. Байқау жеңімпазы өзін көрсетіп қана қоймай, жан-жақты екенін дәлелдеуі керек. Ол қазақ тарихын немесе әдебиетін ғана емес, биология саласын да жетік меңгеруі тиіс”, – деді медицина университетінің 3-курс студенті Әлмира Ахатова.
Абайдың 120-дан астам өлеңін білетін бойжеткен мектеп кезінен облыстық көркем сөз оқу сайыстарына қатысқан. Ақынның тек өлеңдерін ғана емес, қара сөздерін де жатқа біледі.
Хас сұлудың бойында басқа да қасиеттердің болғанын жөн көретін Әлмира "Қазақ аруы" байқауының оңайға соқпағанын да жеткізді.
“Қазақ ару байқауында іріктеуден өтудің өзі қиын болды. Себебі қойылатын талаптары тым жоғары. Қыздардың бой өлшемі мен сұлулығы ғана сынға түспейді, салт-дәстүрді білуі, ана тілін жетік меңгеруі бағаланады. Алматыда бір жарым айдай дайындық болды. Кәсіби биші болмағандықтан, өзіме қиындау түсті. Бірақ ерік-жігерімнің арқасында қиындықтарды жеңе білдім”, – дейді "Қазақ аруы".
Талай сұлудың арасынан топ жарған Әлмира Ахатоваға әлі продюсерлер тарапынан ұсыныс түспеген.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бұрын Әлмира Ахатованың орыс тіліндегі сұрақтарға қазақша жауап бергенін жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1079448-almira-akhatova-kitap-oqymaytyn-qazaq/