Айдана Меденова күйеуінің бірінші некесі жайлы ашық әңгімеледі

Опубликовано:

Айдана Меденова отандық бағдарламада күйеуінің бұған дейін бір рет шаңырақ көтергенін, бірінші некесінен екі ұлы бар екенін ашық әңгімеледі.

Айта кетейік, Айдана Меденованың жары Әлішер Нұржанов  - “Индиго” тобының продюсері.

“Біреуді сынауға біздің еш құқымыз жоқ. Адамның алғашқы некесі сәтсіз болса, екіншісінде жолы болады. Мен күйеуіме қатысты нәрсенің барлығын жақсы көремін. Әлішердің балалары ақылды, оларды туғанымдай көремін”, – деп жауап берді Айдана журналист сұрағына.

Сондай-ақ, әнші балалы ер адамға тұрмысқа шығуға туыстары қарсы шықпағанын да сөз етті.

Меденова өмірлік жарын алғаш қалай жолықтырғанын да баяндап өтті.

“Бір-бірімізбен гастрольдік сапарларда ұшырасып қалатынбыз. Мен басында оған мән бермедім. Бірде дәмханада кездейсоқ жолығып қалдық. Сол күні кешке қайта кездестік. Әлішер мені күні бойы іздеп, қаланы шарлағанын айтты. Бірақ, мен оған сенбеймін. Әйтеуір, бәрі Алланың қалауымен болды”, – деп ағынан жарылды әнші.

Бүгінде жұлдызды отбасының Әмина есімді қыздары бар.

Жақында Айдана “Менімен биле” атты әнге бейнебаян түсіріп, жаңа туындысы көрермендер көңілінен шыққанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1107676-aydana-medenova-kuyeuininh-birinshi-ne/