Аша Матай: Сәбиіміздің есімін ырымға сай алдын-ала атамайтын болдық

Опубликовано:

Әнші Аша Матай отбасылық өміріндегі жаңалықтарымен бөлісіп, жанында емес, көкейінде жүрген арманы туралы айтып берді, деп жазады stan.kz.

Ақжарқын, көңілді, күлімсіреп жүретін Аша Матай мен сабырлы Арман Қоңырбаев күні кеше “Жараламағың” атты әніне түсірілген бейнебаяндарының тұсауын кесті. Тележүргізуші қоғам өміріне қаншалықты көп атсалысса да, бірінші орынға отбасын қоятынын айтады.

“Менің ойымша, келіндік міндетімді жақсы атқарып жүрген сияқтымын. Оны ата-енемнен сұрау керек шығар. Мен ол кісілерді папа-мама деп атаймын. Әрине, уақытым көп бола бермейді. Десе де, үй жинап, тамақ пісіріп, күйеуімнің жағдайын жасап үлгеруге барынша тырысамын. Мұның барлығы – менің міндетім. Күйеуіңді жақсы көрсең, барлығын істейді екенсің. Ата-енем де қарапайым жандар. Үнемі мені қолдап отырады. Қарым-қатынасымыз да жақсы”, - дейді Аша.

Әнші көкейінде жүрген арманы мен жоспарларына тоқтала өтті.

"Армандар ешуақытта таусылмайды. Менің ең бірінші арманым – жақындарымның амандығы. Сүйікті жарымды жолықтырдым, енді кішкентайлы болсақ деп тілеймін. Содан кейін кешкі көйлектердің дизайнері атансам деп жүрмін. Мұнымен қатар, тележүргізушілікті де қоя алмаймын. Тек алға басып, көптеген жобаның жетекшісі болсам деген арманым бар", - деді әнші.

Ал болашақ сәбидің есімін әлі таңдамаған Аша Матай оның себебін де түсіндірді.

"Шынымызды айтсақ, әлі таңдамадық. Қазақтың ырымына сеніп, дүниеге келмеген сәбиге ат қоймау керек сияқты. Оны біз емес, ата-аналарымыз шешетіні анық. Арман менің туыстарым жиен немерелеріне есімді өздері  қоятын шығар дейді, мен Арман жақ қоятын шығар деймін. Екеуіміздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз осылайша көрініс тауып жатыр. Сондықтан қандай есім қоятынымызды сәбиіміз дүниеге келген соң ғана анық болады. Ал қыз немесе ұл болсын сынды қалауымыз жоқ. Алла қай баланы берсе, бақытпен, қуанышпен қарсы алуға әзірміз", - деп түйіндеді әртіс.

Көпшілік соңғы кездері Аша Матайдың суреттеріне қарап тұңғышына жүкті деген болжамдар айтып жүр. Ырымға сенетін актриса бұл ақпаратты растаған жоқ. Сондай-ақ, жоққа да шығармады. Тек алдағы уақытта қуанышты жаңалығымен бөлісуге уәде етті. Соған қарағанда жұрттың болжамы бос сөз емес сияқты. Оның үстіне әңгіме барысында Аша бала тәрбиесі, нәрестеге есім беру туралы ойланып жүргенін де жасырмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1108022-asha-matay-sabiimizdinh-esimin-yrymgha-s/