Ақтөбеде танымал ақын өзінің бір жасар аттасымен кездесті (фото)

Опубликовано:

Ақтөбеде әнші Гүлмира Саринаның ән кеші өтті. Өнерді құрметтейтін тыңдарман жиналған кешке әншінің бауыры, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын Қалқаман Сарин де қатысты.

Бұл туралы aktobenews.kz хабарлайды.

"Ата-анамыз 12 құрсақ көтерген. Мен үйдің кенжесімін. 16 жасымда Гүлмира әпкем қолымнан жетектеп Ақмолаға, қазіргі Астанаға алып келген еді, әлі күнге дейін ақылын айтып, жетектеп келе жатыр", - дейді ақын.

Ақтөбелік көрерменнің арасында 1 жастағы балапан да бар екен. Оны ата-анасы әдейі алып келіпті. Есімі - Қалқаман Сарин.

"Жолдасым Нұрбек Сарин Қалқаман ақынның шығармаларын сүйіп оқиды. Қалқаман ағаның «Арманымның бейнесі» деген кітапты әдейі сатып алды. Ұлды болғанда Қалқаман ағаға ұқсасын деген ниетпен есімін әкесінің өзі қойды. Жақсы адамның атын қою — жақсы ырым. Менің жолдастарымның Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев деген балалары бар", - дейді баланың анасы Инабат Жақсылық.

Кеште үлкен Қалқаман кішкентай Қалқаманның әкесіне өзінің кітабын сыйлап, «Аттасым әріп танығанда берерсің», - деп аманаттады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1121182-aqtobede-tanymal-aqyn-ozininh-bir-zhasa/