Қайрат Нұртас: Рейтинг қуған сайттардан шаршадым
Опубликовано:
«Муз ТВ» телеарнасының арнайы сыйлығы – «Қазақстанның үздік жыл әртісі» аталымының жеңімпазы атанған Қазақстанның танымал әншілерінің бірі Қайрат Нұртас елдің көкейінде жүрген біраз сауалдарға жауап берді. Бұл туралы baistars.kz хабарлайды.
– КВН-де «Қайрат республиканың картасында жоқ ауылдардың өзіне барған» деген әзіл жиі айтылады. Айтыңызшы, осыған дейін шамамен қанша жерде концерт бердіңіз? Және арасында ең есіңізде қалған концерт қайсы?
– Шынымды айтсам, нақты санамаппын. Он жыл ішінде қанша аймақты араладық. Сахна таңдамадық. Мәдениет үйі жоқ ауылдардағы мектептің спорт залында ән айттық. Ол кездегі аппаратуралар да қазіргідей дамымаған. Микрофондар тек сыммен жұмыс істейді. Бір ауылға концерт бердік, микрофон тоғының қысқалығы сондай, сахнаның ортасына дейін жетпейді. Әуелі халық алдына шығып, амандасып алдым да, сахнаның бір шетінен сығалап тұрып ән айттым. Екі-үш ән біткенше әрең шыдадым. Жұртшылықты толық көріп, еркін қимылдай алмаған өте қиын. Менің сол жағдайымды байқаған көрермендердің жаны ашыды ма екен, «Қайрат, микрофонсыз-ақ айта берші, ортада тұрып» деп шулады. Араларындағы бір қыз «Ән де айтпай-ақ қой, әншейін ортада тұршы» деп бәрімізді ду күлдірген. Қазір бәрі басқаша, Аллаға шүкір.
– Нюшамен бірге ән салдыңыз. Орыс қызына қазақша ән үйрету қаншалықты қиын екен? Алда тағы қандай шетелдік жұлдыздармен дуэт құру жоспарыңызда бар?
– Осы жағынан Нюшаға өзім де тәнті болдым. Нағыз талантты адам барлық жағынан да қабілетті болатыны рас екен, қазақша тіл сындыру оған еш қиынға соққан жоқ. Алдын ала кесіп айтпай-ақ қояйын, уақыты келгенде өзге шетелдік жұлдыздармен дуэтімізді көре жатарсыздар.
– Бүгінде Төреғали Төрәлі, Ернар Айдар секілді інілеріңіз өкшеңізді қуып келе жатыр. Сәйкесінше бәсеке де артып бара ма? Бүгінде сізді тойларға шақыру бұдан 2-3 жыл бұрынғы уақытқа қарағанда аз ба? Құпия болмаса, қанша гонорарға шығасыз?
– Эстрадамыздың дамып, менен басқа да бауырларымның елге танылғанына ешқашан қарсы болған емеспін. Әркімнің өз тыңдарманы, Алла жазып қойған несібесі бар. Той мәселесіне қатысты ешқандай өзгеріс жоқ. Әріптестерім «Ең жоғары гонорар – сенде» деп жатады. Гонорар да сұранысқа қарай қойылады.
– Тыңдармандарыңызды алда қандай жаңалықтарыңызбен қуантпақсыз?
– Бірер күнде «Гәкку» телеарнасында «Байқа» атты әніме түсірілген бейнебаянның тұсауы кесіледі. Жаңа әндер жазып, басқа да қызықты жобаларды ақылдасу үстіндеміз. Ол жаңалықтарымызды сәл кейінірек ести жатарсыздар.
– Былтырлары еліміздегі кей балабақшаларда бүлдіршіндерге сіздің әндеріңіздің ырғағымен жаттығу жасату үрдіске айналып еді. Осы жайтқа өзіңіздің көзқарасыңыз қандай?
– Тәрбиелеушілер солай дұрыс деп тапса, еш қарсылығым жоқ. Олар педагогиканы меңгерген мамандар ғой.
– Қандай басылымдарды оқып тұрасыз? Теледидардан қандай бағдарламаны сүйіп тамашалайсыз?
– Басылымдарды көбінде ұшақта оқимын. «Айқын» газетін шолып шығамын. Теледидардан Discovery мен National Geographic арналарын қарағанды ұнатамын.
– Биыл сіздің депутаттыққа үміткер ретінде сайлауға түскеніңізді білеміз. Өнерді біржола қойып, саясатқа араласқыңыз келді ме сонда?
– Мен халыққа өнеріммен керекпін. Депутаттық қызметте педагогикалық және шығармашылық іспен қосымша айналысуға болады деген рұқсат бар. Осы нәрсені басшылыққа алып қана сайлауға түскенмін.
– Сізді жұртшылық терезесі тең, эстрададағы ең үлкен сұранысқа ие, бақуатты әнші ретінде таниды. Әйткенмен, кез келген пенденің жүрек түкпірінде басты арманы болады емес пе? Сізде сондай арман бар ма?
– Әрине, бар. Біреу де емес, өте көп. Ең басты тілегім – елде бейбітшілік, тұрақтылық мәңгі сақталып, ұрпақтарымыз бақытты ғұмыр кешсе деймін. Тыныштық болса, барлық армандарымыз өз уақытында ақиқатқа айналарына сенімдімін.
– Анаңыз бір сұхбатында «Қайратты жүндеп алғысы келген рэкетсымақтар да болған» деген еді. Бұл туралы не айтасыз?
– Шоу-бизнес – көпшілік ойлағандай оңай жол емес. Көптің көңілінен шығу үшін талмай талаптанып, ерінбей еңбек ету керек. Аяқтан шалатындар да, тасада тұрып тас ататындар да көп. Сіз айтқан оқиғалар шоу бизнес әлемінде болып тұрады. Дегенмен, құқықтық, тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп жатқандықтан, бір адамның бостандығын басқа адам шектей алмайды.
– Елдің көз алдында жүрген соң, өзіңіз жайлы сан түрлі өсек-аяң да айтылмай тұрмайды. Оған қалай қарайсыз?
– Орынсыз сын мен өсек-аяң менен бұрын анамның жүрегіне қаттырақ батады. Кез келген ана солай қабылдар еді. Ал негізі, бәрінің аузына қақпақ бола алмайсың. Көпшіліктің адамы болған соң, ондай жағдайға мән бермеуге тырысамын. Алайда, мен жайлы шыққан жалған ақпарат жастардың тәрбиесіне, тыңдарманның түсінігіне кері әсер етпесе деймін. Соңғы уақытта рейтинг қуған сайттар іліктен бүлік шығарып, қисынсыз дүниелерді жазып жатады. Қитұрқы тақырыптарды қойып, елдің шатасуына сеп болады. Жоқ жерден сенсация жасағысы келетін сияқты. Осы тұста журналистер қауымы тек рейтингті емес, адамгершілікті де ойласа екен. Мен де пендемін ғой. Кейде достарымның арасында емін-еркін отырғым келеді. Сол сәтті пайдаланып, ұялы телефонға түсіріп алып, таратып жіберетіндер де бар. Соған қарным ашады.
Тағы оқыңыздар:
Жазира Байырбекова халықтың несібесінен жағдайын жасап отырған дөкейлерге "қызықты"
Айдана Меденова тез тұрмысқа шыққанының себебін айтты (видео)
Талай жұлдызды сырласуға тартқан Әйгерім Сейфолланың өзі халыққа сырын жайып салды
Қайрат Нұртастың жаңа фильмінде басты рөлді әйелі сомдамайтын болды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1131381-qayrat-nurtas-reyting-qughan-sayttard/