Қазақстандық жұлдыздар митингке шықпауға шақырды

Опубликовано:

«Жер кодексіне» қатысты мәселе әлі де өз шешімін таппай келеді. Жер реформасы жөніндегі арнайы комиссия құрылып, алғашқы талқылау отырысын өткізді. Дегенмен бұл комиися мүшелерінің өз араларында түсініспестік болып, кейбірі мүшеліктен кетіп жатқанда, халық сеніміне тағы да күдік ұялады.

Ел арасында «21 мамыр митингке шығамыз» деген әңгіме тарап, ішкі істер министрлігі интернет-кеңістікті бақылауға алып, қауіпсіздік шараларын күшейті.

Бұл уақытта қоғам пікірі екіге жарылып, «жер кодексіне» қарсы шыққандар мен үкіметті қолдаушылар тобы қызу өзара пікірталаста қалды.

Бүгін Qamshy.kz бірнеше өнер адамына хабарласып, ендігі көзқарастарын сұрап білді. Ал өнер иелері ендігі үміт құрылған жер комиссиясында екенін алға тартты.

«Елмен, халықпен біргеміз. Жер сатылмау да, жалға берілмеу де керек. Оған азаматтық көзқарасым қарсы. Біздің жасымыз 40-қа келді, енді 60-қа келгенде бала-шағамыздың күні қалай болады деп уайымдаймыз. Жалпы, адамдардың алаңға шығып, көтеріліс болғанын қолдамаймын. Дегенмен де, мен өз жерімді қоршап, тіпті көршілерімнің рұқсатсыз кіруіне жол бермеймін ғой. Ол заңды. Сол сияқты жерге шетелдіктерді кірбізбейміз. Қолдан келгенше жалға бермеуге тырысуымыз керек», - деді әнші Өмірқұл Айниязов.

Ал белгілі актер Бекжан Тұрыс айтқан пікірлерінің бұрмаланып тарап жатқанына байланысты еш жерде ешқандай пікір білдіргісі келмейтінін айтты.

«Біз айтқан пікірлер дұрыс жетпей қалып жатыр. Сондықтан мен қазір еш пікір айтпауға шештім. 21-іне митингке шығамын ба, шықпаймын ба, ол менің жеке азаматтық еркім. Басқа ештеңе айтқым келмейді», - деді Бекжан Тұрыс.

Дегенмен өнер адамдарының арасында құрылған комиссиядан үміт күтіп, сенім артатындар да табылды. Актер Бақыт Тушаев халықты митинге шықпауға шақырды.

«Қазір комиссия құрылып, бәрі жұмыс істеп жатыр ғой. 21 мамырда митингке шығудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әліптің артын бағу керек, күту керек деп ойлаймын. Құрылған комиссия үкіметтің халықпен санасып жатқандығының көрінісі ғой. Ендігі үміттің бәрі комисся мүшелерінде. Сондықтан жұртты алаңға шықпауға шақырамын, өзім де шықпаймын», - деді Бақыт Тушаев.

Айта кетейік, бұған дейін бір топ өнердегі азаматтар отандық телеарналардың бірі арқылы аталмыш мәселеге қатысты өз пікірлерін білдірген болатын. Сәкен Майғазиев өз сөзінде «керек болса, халықпен бірге 21 мамырда алаңға біз де шығамыз» деген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1135666-qazaqstandyq-zhuldyzdar-mitingke-shyq/