Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұлдыз" ауруына шалдыққан Төреғали Төреәлі газет тілшісін ренжітті

Опубликовано:

Отандық шоу-бизнес жұлдызы Төреғали Төреәлі журналистерді тағы да ренжітіп алды. Жақында шымкенттік тілшілерді менсінбей кеткен әнші енді "Айқын" газетіне сұхбат бермей қойды.

Бұл туралы басылым тілшісі Жадыра Пердебайқызы жазады.

"Жуырда Алматыдағы Республика сарайында Төреғали Төреәлінің «Қазақ қызға үйленем» атты жеке шығармашылық кеші өтті.

Бұл Төреғали Төреәлінің бірінші рет өткізіп отырған кеші емес. Әрбір аялдамада, әрбір көше бойында ілінген жарнама халықты елең еткізбей қоймады. Осымен арман қала Алматының өзінде екінші рет өтіп отыр. Бірақ әнші жігіттің кеші болар алдында оның пиар-менеждері Фариза есімді бойжеткенге қоңырау шалдық. Мақсат – әншімен кеш алдында аз-кем тілдесу. Хабарласқанымызды қайтейік, сөзіміздің соңына дейін тыңдамастан, тұтқаны қоя салды. Тілшілермен неге тілдескісі келмеді? Бұл әншінің көзқарасы ма, әлде менеджерінің қалауы ма?", - деп жазады мақала авторы.

Осыдан соң, журналист Төреғалидің "жұлдыз" ауруына шалдыққанын мойындамау мүмкін емес дейді.

"Ұққанымыз – әнші газетке сұхбат беруден қашатын секілді. Не себепті? Соңғы кездері мұндай үрдіс әншілердің арасында көбейіп кетті. Сонда олардың қазақ басылымдарын менсінбегені ме? Тіпті кейбірі газет оқымайтындықтарын, қазақ баспасөзінен мүлдем хабарсыз екендіктерін жасырмайды. Бұл не? «Жұлдыздық» па, әлде менмендік пе? Төреғалидың жұлдыз «ауруына» шалдыққаны алғаш емес. «Алло» әніне байланысты да қоңырау шалып, хабарласа алмағанбыз. Онда да телефон тұтқасын көтерген «көмекшілері» газет тілшісімен тілдесе алмайтындығын жеткізген еді. Халықтың көзі, құлағы, һәм тіліне айналған қазақ баспасөзі Төреғалиға керек болмаса, Төреғалидың да қазақ журналистеріне қажеті бар ма?", - деп жазады журналист Жадыра Пердебайқызы.

Еске сала кетейік, Ерке Есмаханмен "Алло" әнін жаздырған соң, Еркенің өз арқасында танымал болғанын айтқан Төреғали тыңдармандарын ренжіткен болатын. Енді әнші менмендігі үшін журналистердің ашуын келтіріп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1138719-gazet-tilshisin-mensinbegen-toreghali/