Витастың продюсері Димашты арзанқол пираттық өнім деп атады

Опубликовано:

Витастың продюсері Сергей Пудовкин неліктен қазақстандық жас әнші Димаш Құдайбергенге наразылық танытып отырғанын айтып берді, деп хабарлайды «NewTimes.kz»-ке сілтеме жасап Baq.kz.

- Димаш Құдайбергенге айтар қандай шағымыңыз бар?

- Біріншіден, қытай адвокаттары арқылы ешқандай шағым түсірген емеспін. Шынымен, мұндай шағым жасалғаны рас, ол алдағы уақытта іске асатын болады. Оны Азия елдерінде Витастың концерттік, жарнамалық және басқа да қызметтерімен айналысатын компания жіберді.

Асып айтар ештеңесі жоқ. «Опера №2» әнін Витас 18 жыл бұрын жазған. Авторы әрі композиторы ретінде ол осы туындының жалғыз әрі заңды иесі боп табылады. Сондықтан оны өзге әртіс орындамас бұрын ауызша немесе заңды түрде келісіп алуы керек.

Өзгенің зияткерлік меншігін, басқаша айтқанда авторлық құқығын, рұқсатсыз пайдаланғанда елде әртістің мүддесін қорғаушы компания аталмыш туындыны пайдалануға тыйым салу үшін шағымдана алады.

- Шағым нақты кімге қатысты, телеарнаға ма, байқауға ма?

- Маған бәрібір. Сотқа шағым түсіру механизімі де қызық емес. Егер жас әнші ешкімнен рұқсат сұрамай, жазбаша сұрау жібермей, өнер жолын өзгенің өнімін ұрлаумен бастаса, шағым кімге жасалады - әртіске ме, телекомпанияға ма әлде байқауға ма? Бұл мені қызықтырмайды. Болашақта әртіс біреудің он жылғы еңбегін, Витастың Қытайда 2005 жылдан бері орындап жүрген әнін пайдаланбай, өз репертуары болады деген сенімдемін.

- Яғни, Витастың туындысын Димаш Құдайберген тек Қытайда ғана емес, әлемнің кез келген елінде орындай алмайды деген сөз бе?

- Бұл заңды әрі түсінікті шешім. Егер ұры пәтеріңізге түсіп, теледидарыңызды әкетіп бара жатса, оған рұқсат етер ме едіңіз? Әрине, рұқсат етпейсіз. Бірден, полицияға қоңырау шалып, олар оны тұтқындап, тергеуге алады. Біреудің авторлық әнін ұрлағанда да жағдай тура солай. Бұл тұрғыда Қытайдың талабы да қатал, соңғы уақытта мемлекетте «фейктермен» қатаң күрес жүріп жатыр. Ал, қазір біздің көріп отырғанымыз, фейк өзге әртістің еңбегімен туған туындыны пайдаланып, қылмысты түрде көрерменге паш етуде, қай елде екені маңызды емес. Меніңше, бұл өзіңнің «меніңді» жерге көміп, өз болашағыңа өзің балта шапқанмен тең. Себебі талғамы осындай әнші әркез екінші сұрыпты фейк, арзанқолды пираттық өнім боп қала береді.

- Авторлық құқықтар жөніндегі қазақстандық сарапшының пікірінше, Витас «Опера №2» әнін орындағаны үшін тікелей Димаштың үстінен шағым түсіре алмайды. Бұл жөнінде не айтасыз?

- Мен сіз айтқан сарапшы авторлық құқық пен зияткерлік меншікке қол сұғудың не екенін түсінбейді деп ойламаймын, әсіресе Қытайда. Бірақ, ол қатты қателесетіні анық. Мен әртісті, оның тәрбиесін, сахналық талғамын сөз қылғым келмейді. Бұл маған қызық емес, тіпті, бәрібір.

Менің ұстанымым қарапайым. Теледидар ұрлаған сияқты, бұл да ұрлық. Кез келген маман бұл пікірімді қолдауы тиіс.

Егер өзіңнің жеке ән қорыңда әнің болмаса, имиджің болмаса, ұрлықтан басқа амал жоқ. Бұл енді қылмыстық іс. Не Витас, не мен бұл іспен айналыспаймыз, бұнымен енді Қытайда Витастың заңды мүддесін қорғайтын компания айналысады.

Естеріңізге сала кетейік, Димаш Құдайберген «I am singer-2017» байқауының екінші кезеңінде Витастың «Опера-2» әнін орындаған болатын. Соған байланысты Витастың продюсері Димаштың үстінен шағым түсірген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1395917-vitastynh-prodyuseri-dimashty-arzanqol/

jitsu gif