Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Роза Рымбаева белгілі әнші Абай Бегейді ұнатпайтынын ашық айтты

Опубликовано:

Қазақстанның халық әртісі, елге танымал әнші, ерекше дауыс иесі Роза Рымбаева "Қазақстан заман" басылымына берген сұхбатында "частушка" орындайтын той әншілері көбейіп кеткенін және оларды жай ғана "музыкант" деп есептейтінін айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

— Қазіргі күні халықаралық байқауға қатысып жатқан Димашты сізден артық ешкім түсінбейтін шығар. 18 жасыңызда халықаралық байқауда бас жүлде алған әншісіз. Финалға («Мен әншімін» байқауы) да санаулы күндер қалды...

— Бүгінгі заманда танылуға мүмкіндіктер зор. Бір мемлекетте өтіп жатқан шараны дүниежүзі көре алады. Біздің кезімізде интернет болған жоқ. Қатысушы елдердің келісімі бойынша бағдарлама көрсетіледі. Сол кезде ғана біздің елдің көруіне мүмкіншілік туатын. Қазір интернеттен кез келген елдегі байқауды, кез келген әншінің концертін көруге болады. Музыка саласындағы кез келген көрсетілім қолжетімді. Тыңдағың келсе, кез келген әншінің әнін тыңдай бересің. Кезінде біздің танылуымыз қиындау болатын. Димашты қазір дүниежүзі тыңдай алады. Басты айырмашылығы осы.

— Димаштың талантына қандай баға бересіз?

— Өте жақсы. Вокалдың деңгейіне жалғыз мен емес, бүкіл әлем баға беріп жатыр. Бірегей, өте сирек кездесетін дауыс. Орындап жатқан әндері де конкурстық әндер. Димашқа тек қана жеңіс тілеймін. Әлем Димаш арқылы Қазақстанды танып, Димаш арқылы біздің әншілерді біліп, ән өнерінің жоғары деңгейде екенін мойындап жатыр. Қуанамыз. Жалпы, мен бағалайтын біршама жас әншілер бар. Мысалы, Бауыржан Исаев, Жұбаныш Жексенұлы, Алтынай Жорабаева, Гауһар Қаспақованы жақсы көремін.

— Сіз дау-жанжал, айғай-шудан, тіпті саясаттан да алыс жүретін жансыз. Тек өз ісіңізбен айналысқанды жақсы көресіз, солай ма? Мысалы, бүгін әнші, ертең продюсер, үшінші күні жоқ болып кететін кейбір әріптестеріңіз бар. Осындай келеңсіздіктерден бойыңызды аулақ ұстауыңызға не себеп?

— Тазалық қанмен беріледі. Әке-шешем де, марқұм күйеуімнің әке-шешесі де қарапайым, ауылдың адамдары еді. Біз ешқашан шен-шекпен, байлық қуған жан емеспіз, әрқайсысымыз өз сүйікті ісімізбен айналысып жатырмыз. Егер адам жүрегі қалаған өз ісін таба алмаса, бұл — қасірет! Мен бала күнімнен әнші болуды армандадым. Сол үшін оқыдым, талпындым. 42 жыл бойы кәсібім бойынша сахнада қызмет еттім. Ең сүйікті ісім де сахнаға шығып, халыққа өзімнің шығармашылығымды көрсету. Мен үшін байлық, саясат екінші, үшінші мәселе болуы мүмкін. Үш рет депутаттыққа ұсынылғанмын. Үш рет те бас тарттым. Мен шығармашылық адамымын, музыкамен өмір сүремін. Егер бизнеспен айналыссам, әншілігімнің сапасы төмендейтіні сөзсіз. Ешқашан басқа бір мамандыққа қызыққан емеспін. Ал бүгін әнші, ертең продюсер болғандар өзінің әншілік мүмкіншілігін білгендер ғой. Әні, музыкасы жоқ әншілердің жоғалып кетуі заңды.

— Сіз «Аспанға қараймын» әнін мүлдем тыңдамаймын деп едіңіз. Бірақ соны депутаттармен бірге айтып шықтыңыз ғой…

— Ол ән, былайша айтқанда, халықтың «частушкасы» ғой. Бұл музыка емес, частушка. «Чип-чип» те сондай. Егер жоғары жақ соны таңдап алса, оның да бір себебі бар. Сол кездегі саяси жағдайларға байланысты халықтың басын қосу үшін керек болған шығар. Мен әлі де ол әнді де, сол әншіні де жақсы көрмеймін. Ол әншіні музыкант деп санаймын. Частушка орындайтын әншілер бізде көп, өкінішке орай. Тойдың әншісі емеспін, тойдың әнін айтпаймын. Тойға мені шақырса, жұртты билету үшін шақырмайды, менің әндерімді тыңдау үшін шақырады.

— Сіздің деңгейіңізді білеміз. Жанды дауыста ән айту туралы заң шықса, өзге әріптестеріңізден айырылып қаламын деп қорықпайсыз ба? Осы орайдағы депутаттың ұсынысына қалай қарайсыз?

— Қорықпаймын. Неге қорқуым керек? Менің жақсы көретін әншілерім сахнада қалады. Депутаттың ұсынысын қолдаймын. Парламентке жеткеніне қуаныштымын. Он жыл бойы осы мәселені қаузап келеміз.

— 99 пайыз еңбек, 1 пайыз талант деп жатады ғой. 99 пайыз еңбектенетін әншіні білемін. Бірақ оның 1 пайыз дауысы жоқ. Әнші қандай болу керек?

— Қазір кез келген адам жұлдыз бола алады. Компьютермен өңдеп, фонограммамен айта береді. Бұрын он әнші болса, қазір жүз әнші бар. Жанды дауыспен ән айтуға байланысты заң шықса, барлығы өзгереді. Дауысы жоқтар сахнаның сыртында қалады. Әншіде алдымен табиғат берген дарын болу керек. Екінші, кәсіби білім керек. Ешкімде қайталанбайтын ерекше қасиеттер болуы керек. Шынайы тазалық қажет. Әншінің айтып тұрған әні мен өмірлік принциптері бірдей болса, кәнеки.

— Сізді интернетте «өлді» деп те шығарды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланып, интернеттен ең көп қаралған мақала болыпты. Ертең олар бұдан басқа да түрлі қауесет таратпасына кім кепіл? Жалған ақпарат таратып қоймай, сіз арқылы пайда тауып отырғандармен күреспедіңіз бе?

— Олар мені алкоголизмнен емделді деп те шығарған. Олардың сайтын іздеп, ізін қуалау түк пайдасыз. Мәскеуден шығарады екен. Түбін қазу мүмкін емес.

Мақала авторы: Бауыржан Карипов

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Еліміздің басым бөлігінде жаңбырмен бірге бұршақ жауады

Күйеуі көзіне шөп салған келіншек көпшіліктен көмек сұрады

Атырау облысында кішкентай апалы-сіңілі бүлдіршіндер суға кетті

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1465504-roza-rymbaeva-chastushka-aytatyn-abay-b/

pixel