Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Меломен" тобын тастап кеткен Жігер Ауыпбаев өміріндегі ауыр кезеңдер туралы ашып айтты

Опубликовано:

Бүгінде "Меломен" тобынан бөлініп кетіп, жеке орындаушылыққа бет бұрған Жігер Ауыпбаев ел назарында жүр. Жуырда "екі бүйрегі істен шығып, қатты сырқаттанып қалды" деген ақпарат тарап, желідегілер оның жағдайына алаңдаған еді. Өзіне қатысты айтылған көптеген қауесетке нүкте қою үшін, NUR.KZ порталы әншіні арнайы сұхбатқа шақырды.

- Сіздің "Меломен" тобынан кетуіңіз көпшілік тарапынан түрлі пікірлер тудырып, үлкен шу болды. Топ құрылғалы бері он жылға жуық уақыт өтті. Топтан кеткен соң өзіңізді "жапада жалғыз қалғандай" сезінген жоқсыз ба?

- Бұл туралы көп айттым. Жігіттерді сыйлаймын, құрметтеймін. Қателік кімде болмайды?! Бұл тек қана өнерде арамызда болған түсініспеушілік.

Ол туралы көп айтқым келмейді. Таяқтың екі ұшы болатын сияқты, кінә да екіжақты болады ғой. Бірақ кетерде ренжіп кеткенім рас. Мүмкін бір-бірімізді бағаламай, өзімізге берілген осыншама жақсылықты бағалай алмаған шығармыз...

- "Меломеннен" Жігер кеткелі топ топ болудан қалды. Жігер кетті, топты тыңдағым келмей қалды" деген сынды пікірлерді көп естіп жатамыз... Әлеуметтік желіде де мұндай әңгімелер желдей есіп тұр...

- Жалпы соңғы кездері сондай әңгімелер қаптап кетті. "Халық айтса, қалып айтпайды", - деген қазақтың сөзі бар ғой. Халық айтып жатса, мүмкін солай да шығар. Ол уақытша әңгіме деп ойлаймын.

Жігіттердің әрқайсысының шоқтығы биік, әрқайсысының өнері бір төбе. Барша БАҚ өкілдерінен өтініп сұрарым, енді менен бұл жағдай жөнінде сұрамауды өтінемін. Енді Жігер - жеке әнші, жеке шығармашылығын дамытушы.

- Бұл топ құрылғалы бері өзіндік аудиториясы, өзінің белгілі бір тыңдарманы бар топ болды. Фанаттары болды, ешқандай теріс пікір болған жоқ. Қатты танымал болып, үлкен ареналарды бағындырып кетпесе де, бір басына тыңдарманы жетерлік топқа айналды. Осы уақыт ішінде "Меломен" сізге не берді? 

- "Меломен" маған не берді дейтіндей, ол топ бұрыннан құрылған болып, мен кейін қосылған жоқпын. "Меломенді" төртеуіміз және Жанна Абуова xаныммен команда болып жасадық. Топты қалыптастыру жолында талай-талай қиындықтарды бастан өткізіп, қаншама маңдай терін төктік. Осының бәрі қай-қайсысымыз үшін де үлкен тәжірибе болды.

- Шоу бизнеске деген халықтың көзқарасы күннен-күнге өзгеріп бара жатқандай. Оларды жұрт сынап та, мінеп те жатады. Жұлдыздардың киім киісі, өздерін ұстауы көңіліңізден шыға ма? Сіздің ойыңызша, шоу бизнес өкілі болу оңай ма?

- Егер қаншама миллион xалық сүйіп, өздерінің жүрегінен орын беріп қойған өнер адамдары болса, оларды қалай сынамақпын?! Әр адам өзінің болмысына, біліміне сай әрекет етеді.

Біреуді сынағаннан бұрын өзімнің жыртығымды жамап, кемшілігімді түзеп алсам да жетеді. Ал xалықтан артық тәрбиеші жоқ.

- Дегенмен, "сахна - киелі" деген ұғым бар, солай қасиетті саналып келген киелі сахнаны шоуға айналдырып бара жатқан жоқпыз ба?

- Күннен күнге заман даму үстінде. Күннен күнге бір жаңалық шығып жатыр. Бір орында, бір деңгейде тұрып қалу - өмірдің заңына да сай емес қой. Жалпы адам баласы үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Ал аруларымыздың ашық-шашық киінуі, жігіттеріміздің сырға тағуы - бұл даму емес, қалу.

Ізденіс, даму деген осы екен деп қазақы әдет-ғұрпымыздан,салт-дәстүрімізден шет кетуге болмайды. Егер даму жолында дәстүрімізді, қазақы өнерімізді ұмытқан болсақ, ұлтымыздың тамырын кескен боламыз.

- Жуырда Түркияға барып келдіңіз. Біреу ауырып, екіншілері клип түсіру үшін дейді. "Екі бүйрегі істен шығыпты" деген ақпарат та тарап кетті. Кей адамдар мұны пиар қадам деп бағалап жатыр. Өзіңіз не дейсіз?

- Осыдан 2 ай бұрын бүйрегім ауырып бастаған болатын. Бірақ қарбалас жұмыстармен қатты мән бере қоймадым. Араға уақыт салып Алланың қалауымен Сәбит Сейдуалиев ағамыздың көмегімен Түркияға клип түсіруге баратын болдық. Кетерден 3 күн бұрын бүйрегім ауырып, тағы құладым.

Ауырғаны жаныма батқандығы соншалық, Түркияға сапарды тоқтатуды ойладым. Бірақ қонақ үй, клип түсірілетін орындар келісіліп, билет алынып қойғандықтан, артқа жол жоқ болды. Барып келгенше ауырмайтын шығармын дедім.

Сапарға шыққаннан бастап Ыстамбұл қаласына жеткенше ауырып бардым. Жағдайым болмай бара жатқаннан кейін ұшақтан түсе салып Сәбит ағамыз Ыстамбұлдағы достары арқылы клиникасына жіберді. 1 күн кешке дейін және ертесіне түске дейін қаралып, "бүйректің көлемі үлкейіп кеткен" (гидронефроза) деген диагноз қойылып, дәрі-дәрмектерімді алып өз-өзіме келдім.

Үшінші күннен бастап өзімнің жоспарым бойынша "Айзере" әніме түсірілетін бейнебаянның жұмысын бастап кеттік. Өкінішке орай, бейнебаянға құрылған жоспар денсаулыққа байланысты толық бітпеді.

Бірақ, Аллаға шүкір өзімнің көңілімнен шықты. Бейнебаян xалыққа жол тартты. Қазір арналардан көрсетіліп жатыр.

Адам аурудың дәмін басына келгенде ғана біледі. Сондықтан бұл - пиар қадам емес. Ал қазір денсаулығым шүкір, жақсы.

- Сіз бір кездері "күзетші" де болып кеттіңіз ғой?

- (Күлді) Ол Хабар арнасы түсірген "Шайxана мен тойxана" атты мюзиклдың түсірілімінде болған жағдай ғой. Мен күзетші болып басты рөлді сомдадым. Түсірілімнен кейін демалып отырғанда сыртымнан қыздар түсіріп алған ғой. Сөйтіп желіге таралып кеткен.

- Отбасыңыз туралы айтсаңыз.

- Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылында туып-өстім. Отбасымызда алты ағайындымыз. Төрт қыз, екі ұлмыз. Әкем аудандық мал дәрігері болған. Анам агроном.

 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Қазақстанда кедейліктің деңгейі көтеріліп кетті

Түшкірмек болған әйел екі рет мойнын шығарып алды (фото)

Судан мысықтардан бетер қорқатын нәресте жұрттың көңілін көтерді

Аттракционға отырған егде жастағы әйелдің жүрегі ұстап қала жаздады 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1496836-melomen-tobynan-ketken-zhiger-auypbae-5/