RU

Танымал топта ән айтқан қазақ қызы Малайзияда модель болып жүр (фото)

«Қоңыр» тобының экс мүшесі Жазира Қошанова қаңтар айында топтан кетіп, Малайзияға қоныс аударған болатын. Қазіргі таңда бойжеткен аталмыш елдің подиумын бағындырып, сұранысқа ие модельдердің ондығына кіруге талпынып жүр деседі.

Осыдан бір ай бұрын Куала-Лумпурда өткен ауқымды сән апталығында Жазира Қазақстан атынан өнер көрсеткен. Ол туралы қазіргі таңда Малайзиядағы жалғыз қазақ журналисті ретінде қызмет атқарып жүрген Талғат Қалжан «Instagram» парақшасы арқылы видеоблог жариялап, бөліскен.

«10 жыл қазақ саxнасында миллиондаған көрермен көзайымына айналған қыздарыңыз бүгінде Малайзияның подиумын бағындырып жүр екен. Куала-Лумпур қаласында өткен «RUNWAY FENOMENA AIDILFITRI 2017» сән апталығындағы шоуда жүз модельдің ішінде жалғыз «қазақ» қызын көргенде марқайып қалады екенсің. Барлығынан ең тартымды, жүзі жылысы Жазира болып көрінді.

Қандас әрі бауыр болған соң ба, бір бүйрегің бұрып тұрады екен. Подиумға шыққан сайын тақымыңды қысып отырасың :). Оның үстіне кей модельдер биі-і-ік тақаларын бағындыра алмай, саxнада бірнеше рет шалқасынан түскенін көргенде үрейлендім.

Тағы оқыңыздар: Өздері оқыған білім ордасын балағаттаған атыраулық түлектер өз істеріне өкініп жүр (видео)

Қыздарыңыздың жағдайы жақсы, аздап елге, туған-туысқа деген сағынышы бар екенін айтты. Қылығына қырық жігіт жылқынса да, сыр бермеген бойжеткен сол қалпында. Сыпайы, етек жеңі ұзын киіммен өнер көрсетті.

Уақыттың аздығынан ұзақ тілдесе алмадық. Дегенмен, алдағы уақытта жаңалығымен бөлісіп, видео арқылы сіздерге сәлемдеме жолдауға уәде берді. Ендеше, сұрақтарыңызды жолдай беріңіз. Келесі кездескенде міндетті түрде сұхбаттасып, сауалдарыңызға жауап алуға тырысамын», - дейді Талғат мырза.

Қазіргі уақытта Жазира Қошанова Малайзиядағы белді сәнгердің жаңа киім үлгілерін жарнамалайтын фотосессияға дайындалып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1539044-tanymal-topta-aytqan-qazaq-qyzy-mal/