"Бала дауысы-2017": Еліміздегі ең дарынды балалар мыңдаған адамның алдында өнер көрсетпек
Опубликовано:
Биыл өнерлі балалардың басын қосқан "Бала дауысы-2017" байқауының ақтық сыны 27-29 қазан күндері Алматыдағы "Алматы Арена" кешенінде өтетін болады. Ұйымдастырушылар кішкентай өнерпаздарды үлкен өнерге шыңдау үшін оларға 10 мыңнан астам адам сыятын кешенде өнер көрсетуге мүмкіндік берген деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Бүгінде дарынды балалар Алматыдағы "Жұлдызды үйде" тұрып жатыр. Бір ай бойы ауқымды шараға дайындалумен болған балалар үшін бұл үйде тұру - үлкен жетістік. Себебі бұған дейін олардың әрқайсысы өз өңірінде іріктеуден өтіп, мықты деген балалардың қатарына қосылған.
Бүгінде Алматыға жиналған кішкентай өнерпаздар еліміздің 14 өңірінен келген. 18 бала түрлі сындарды артқа тастап, үздік деген атақты жеңіп алу жолында еңбектенбек.
Жуырда олар өздерінің жетекшілері, отандық шоу бизнестің жарқын өкілдерімен кездесіп, олармен бірге түскі ас ішті.
Бар күшін салып, балалар бойына өзіндегі білімді сіңіруге тырысып жатқан жұлдыздардың ішінде Мәдина Сәдуақасова, Әли Оқапов, Медеу Арынбаев, Толқын Забирова, Ділназ Ахмадиева, "Асыл" тобының әншісі Ақерке Бүркітбай, Серік Ибрагимов секілді т.б. жұлдыздар бар.
Мәдина Сәдуақасова жеңімпаздардың ішінде екі балаға тәлімгері болмақ. Жәнел және Нұрлыбек есімді алматылық өнерпаздардың "мыңнан тұлпар болуына" әншінің өзі ат салысуда.
«Бала дауысы» байқауының шарты бойынша 5 қатысушылардың саны 00-ден асатын болса, міндетті түрде бір емес, екі баланы алуға болады", - деп түсіндірді бірден екі балаға тәлімгерлік ететін ол.
Ал Әли Оқапов болса, балалардың ішінен өзінің болмысына, түр-сипатына ұқсатқан баланы іздеп тапқан. Оның айтуынша, ол балаларды әншілік дарынынан бөлек, мінезінің де көркем болуына қараған.
"Иә, биыл "Бала дауысы" фестиваліне қатысушылардан үш бала көзіме түсті. Алайда солардың ішінде Әлиханды таңдадым. Ол екі баланың дарынына, талабына сөз жоқ. Алайда екеуі де үлкен-үлкен әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген, әлеуетті балалар. Сондықтан Әлиханға да мүмкіндік бермек болдым. Өзіме болмысы келетін, дарыны ғана емес, мінезі де ұқсайтын баланы таңдадым. Эстрадалық жанрда айтарым бар, ол - менің бағытым. Біздің көптеген ортақ ішкі сырларымыз бар", - дейді ол.
Ал Әлихан болса, өзінің сауатты жауабымен, салмақты ойымен журналистердің көңілінен шықты. Ол енді Әли ағасымен бірге 10 мыңнан астам адам жиналатын "Алматы Аренаның" үлкен сахнасында бағын сынайтын болады.
"Асыл" тобындағы Ақерке Бүркітбай Дияр есімді баланың тәлімгері атанған.
"Мен Тараздан келген Дияр есімді тәлімгеріммен өнер көрсетемін. Ол сахнада өзін өте еркін ұстайды, сонысымен көзге түскен. Дайындық жақсы өтіп жатыр, бірақ өзім де өте қобалжып тұрмын. Бұл байқауға бірінші рет қатысып отырмын. Таразда жетпіске жуық бала болды. Соның ішінде Дияр ерекше есте қалды. Баламның дайындығыммен қоса, өзім де дайындалып жатырмын. Финалда жеңіске жетеміз деген үміт бар", - дейді Ақерке.
Айта кету керек, аталған "Бала дауысы" фестивалін жыл сайын "Жандану әлемі" қоры өткізеді.
Байқауда бақ сынайтын балалар бірнеше апта бойы би қойып, түрлі сахналық образдарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Олармен бірге стилист мамандар, хореографтар жұмыс істеуде. Ал байқаудың ақтық сыны Алматыдағы "Алматы Арена" кешенінде 27-29 қазан күндері өтеді.
Тағы оқыңыздар:
Өмірбек Бабанов Қазақстаннан үлгі алатынын айтты
Тараздағы құтқарушылардың жаттығуы жұртты шошытты
Қырғызстан Қазақстанның гуманитарлық көмегінен бас тартты
Ақмола облысында шенеуніктерге алданған ел далада қаңғып қалғалы тұр
ШҚО-да мешіттегі намаз оқу реті ұнамай қалған ер адамның басы дауға қалды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1652849-bala-dauysy-2017-elimizdegi-enh-daryndy-ba/