Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Айнұр Тұрсынбаева елдің саяси өміріне неліктен араласпайтынын ашық айтты

Опубликовано:

Көпшілікті уытты жырлары арқылы жаулап алған белгілі ақын Айнұр Тұрсынбаева, бүгінде әлеуметтік желілерде өзінің белсенділігімен танымал. Ақын, әсіресе, соңғы кездері психология іліміне терең бойлап, қыз-келіншектерге арналған кеңес берумен көзге түсіп жүр. NUR.KZ тілшісі белгілі айтыскер ақынмен тілдесіп, қоғамдағы кей мәселелерге қатысты тың пікірін біліп қайтты.

- Айнұр ханым, әлеуметтік желілердегі жазбаларыңызда біраз сайттарды сынға алып жатасыз. Оның ішінде біздің портал да бар. Себебі неде?

Мәселе сайт немесе журналисте емес, мен жалпы, біреудің жеке өміріне араласқанды көп ұната бермеймін. Әркімге өз өмірімен өмір сүруге мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Біреудің көрпесінің ішіне кіріп, киім-кешегін аралап кету дұрыс емес деп есептеймін.

- Айтыстың дүлдүлі ретінде қазіргі айтысқа қандай баға бересіз? Бүгінгі айтыс көңіліңізден шығып жүр ме?

Айтыс қазір өте жақсы деңгейде. Себебі, талантты, дарынды жастар өте көп. Әркім әрқалай айтады. Бірақ бір айтарым: қазақ бар жерде - айтыс бар, айтыс бар жерде – қазақ бар, сондықтан ол алдағы уақытта да дами береді деп ойлаймын.

- Десе де, көпшілік тарапынан айтыс «Нұр Отан» партиясы «қанатының астына кіргелі» бері біршама өзгерді деген пікірді жиі естіп жатамыз. Осы жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?

Олай деп ойламаймын. Өйткені, айтыс өмір бақи «Нұр Отанның» қанатында болды. Ащы шындық айтылмай қалған кез болған жоқ. Қай облыс, қай өңірге барайық, біз сол аймақтың өзекті мәселелерін үнемі көтеріп келдік. «Нұр Отан», «Ақорда» қарай ма, оған қарамаймыз, шындық барлық жерде айтылады.

- Бірақ, Айбек Қалиев, Ринат Зайытовтар сияқты шындықты дөп басып айта бермейсіз...

Енді ол әркімнің «көрер көзі мен еститін құлағына» байланысты деп ойлаймын. Шындап іздеген адам, менің де айтысымнан ащы шындықты табады.

- Айтыста талай мәрте туған жеріңіз – Ақсуаттың «мүшкіл күйін» айттыңыз. Ақиқат айтылғаннан кейін, ауылыңызда не өзгерді? Айтыс арқылы туған жеріңіздің әлеуметтік жағдайының жақсаруына себепкер бола алдыңыз ба?

Ақсуат пен Аягөзге жол түскен сайын, жолдарын көріп жүрегім ауыратын. Қазір естуімше, аймақта жол салынып жатқан көрінеді. Бұл да бір жақсылықтың нышаны деп есептеймін.

- Осы орайда, туған ауылыңыз, жалпы шығыс жұрты сізге тиісті деңгейде құрмет көрсетіп келеді ме? Мәселен, «ауданның құрметті азаматы» деген сияқты марапаттар еншіңізде бар ма?

Мен ешқашан ауданның әкіміне немесе өңірдің басшыларына кіріп, ешкімнен атақ-абырой сұраған емеспін. Шынымды айтсам, ондай атақ-абыройдың маған керегі де жоқ деп ойлаймын.

- Шығысқа деген өкпем жоқ дейсіз ғой...

Шығыс халқына деген ешқандай өкпем жоқ. Қашан барсам да, барлығы аяғынан тік тұрып қарсы алады. Астыма ат мінгізіп, үстіме шапанын жауып, мен десе жаны қалмай құрмет көрсетіп жатады. Тіпті, ешқандай құрмет көрсетпесе де, туған жердің аты – туған жер. Олардан ештеңені дәметпеймін де. Керісінше, мен оларға қадір тұтып, қолымнан келгенше көмек көрсетуім керек деп ойлаймын.

- Соңғы рет ауылыңызда қашан болдыңыз?

Осыдан бір жыл бұрын болдым. Сонда туысқанымыз қайтыс болып, сол кісінің асына барған едік. Әлемнің қай түкпірінде жүрсім де, энергетикалық жағынан болсын немесе басқа жағынан болса да Ақсуат мені өзіне қатты тартады. Өйткені, ол менің кіндік қаным тамған жерім. Ол жермен мен қайда болсам да, тығыз байланыстамын деген ойдамын.

- Осы күнге дейін туған ауылыңызға қандай да бір көмек көрсеткен жағдайлар болды ма?

«Мен мынадай жасадым» деп айтып, мақтанғым келмейді. Бірақ, менің атымдағы мектептер мен сыныптар ашылғанда немесе ауылға тегін концерттер беруге келгенде, мейлінше, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын.

- Елдің саяси өмірінен де тысқары қалып жатасыз. Себебі неде?

Саясатқа мүлдем араласқым келмейді. Өйткені, саясаттың басында отырған арнайы өзінің адамдары бар. Менің салам – айтыс, қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беру, білгеніммен бөлісу деп ойлаймын. Мен тек қана айтыскер ақынмын.

- Қазір әріптесіңіз Төреғалиға қатысты мәселе көпшіліктің қызу талқысында жүр. Бұл оқиғаға қатысты сіздің айтарыңыз бар ма?

Ол туралы ештеңе айтпай-ақ қояйын. Өйткені, біреудің өміріне, тірлігіне араласқанды ұнатпаймын. Оның жанында, сол жерде болған жоқпын, сондықтан сырт көз сыншы дейді ғой, білмейтін нәрсеге пікір айтқым келмейді.

- Қазақ қоғамында неге "қарныңыз" ашады?

Білімсіздікке қарным ашады. Өйткені қазір кітап, газет оқудан қалдық. Жасыратын түгі жоқ, ол нәрсені өзіміз де басымыздан өткізіп жатырмыз. Қазір телефонға үңіліп, инстаграмды аңдыған заман болды ғой. Жастар рухани азғындыққа, жұтаңдыққа ұшырап жатқан сияқты. Соған қарным ашады.

- Одан арылу үшін не істеуіміз керек?

Оны мен немесе Елбасы өзгерте алмайды, онымен бүкіл қоғам болып күресуіміз керек деп ойлаймын. Әр отбасы өзінің өсіріп отырған ұл-қызын, рухани тұрғыда қаншалықты байып отырғанын қадағалауы тиіс.

- Шетелге, Қазақстанның түкпір-түкпіріне жиі қатынап тұрасыз. Өзіңізге, отбасыңызға уақытты қалай табасыз?

Иә, мойындаймын, көбінесе уақыт тапшы болып жатады.

- Айнұр Тұрсынбаеваның мінезінде көпшілік біле бермейтін, қандай артықшылықтар мен кемшіліктер бар?

Ел білмейтін жақсы-жаман қасиеттерімді жасырып қалған кезім болған жоқ. Көп жағдайда кемшіліктерімді немесе жақсы жақтарымды «бұл менің құпиям» деп көрмеппін, керісінше, елмен бөлісуге тырысып тұрамын. Тіпті, қарапайым, бет-шаш күтімі сынды дүниелер болсын, бәрімен бөліскім, бәріне айтқым келіп тұрады.

- Сізге қатысты кей жағдайларда сын айтылып жатады. Жалпы сынды қалай қабылдайсыз?

Мүлде мән бермеймін. Кезінде болды иә, жасырмаймын. Сынды көңіліме жақын қабылдаған сайын, оның көбейгенін де байқадым. Сол кезде жалпы сынды қабылдаудан бас тарттым, мүлде мән бермеуді қолға алдым, оның жақсы жағын көруге тырыстым. Қазір сыни пікір айтатындарды шамамен, ақырындап өзім жеңіп келе жатқан сияқтымын.

- Жаңа жыл қарсаңындағы сұхбат болғандықтан, атаулы мерекеге қатысты бірер сұрақ қойсақ. Отбасыңызда жаңа жылға байланысты қандай да бір дәстүр бар ма? Биылғы жылды қалай және қайда қарсы аласыз?

Соңғы екі-үш жылда, шынымды айтайын, жаңа жылды тиісті деңгейде тойлап жүрген жоқпын. Өйткені, үнемі жолда, сапарда жүремін, сол себепті, көп жағдайда уақыт бола бермейді. Сондай-ақ, 30 желтоқсан қызымның туған күні болса, 8 қаңтар ұлымның туған күні. Сондықтан, жаңа жылмен бірге отбасымызбен туған күнді атап өтіп жатамыз. Жаңа жылға қатысты қандай да бір дәстүр, қатып қалған қағида жоқ. Жыл сайын елімізде, өз үйімде қарсы аламын. Бүкіл әлем дүркіретіп тойлатып жатқанда, мен үнемі үйде қарсы алып, үйде болғанды жақсы көремін.

- Оқырмандар мен Қазақстан халқына жаңа жылдық тілегіңізді арнасаңыз.

Жаңа айтқандай қазақ қоғамы көтерілсе деймін. Ол 2018, 2019, 2020 жыл ма, мәселе онда емес. Біздің еліміздің басты байлығы қазір – тыныштық деп ойлаймын. Әлемнің көп елдерінде болдым, мәселен Еуропа халқы, бір оқиға орын алса болды, топырлап алаңға шығып кетіп жатады. Бұл ең қорқынышты нәрсе деп ойлаймын. Алла Тағала бейбітшілігімізді мәңгілік етсін деп тілек жолдаймын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1710362-ajnr-trsynbaeva-eldi-saasi-mirine-nelikten-aralaspajtynyn-asyk-ajtty/

pixel