50 жасқа толған Гүлзира Айдарбекованың Алматы төріндегі тойы қалай өтті? (фото)
Опубликовано:
Жуырда ғана «жанұялық шоу» өткізген Қайрат Нұртастың отбасы күні кеше дүбірлі той жасады. Бұл кештің басты кейіпкері - Гүлзира Айдарбекова. 50 жасқа толған танымал продюсер меншікті мерекесін Алматыдағы зәулім мейрамханалардың бірінде атап өтті. Туған күнге NUR.KZ тілшісі де қатысып қайтқан болатын.

Бұл күні Гүлзира ханымның құшағы гүлге толды. Түрлі сыйлықтарды тарту еткен жақындары продюсердің көңілін көтеруге барын салғанымен, Қайрат көпшілік көзіне көрінбеді. Мерекелік кешке кешігіп келген хитмен той күні анасына сыйлық іздеген көрінеді.
«Екінші ұлым Аянымның сыйлығын білемін. Кеше хабарласып, "қандай сыйлық алайық, мыналардың қайсысы ұнайды?" деп, бірнеше суреттерді жіберген болатын. Сол кезде тастармен көркемделген алқызыл сөмке мен туфлиді таңдадым. Соны сыйға тартты. Ал, Қайрат пен Жұлдыз жолдан келді. Қайрат туған күніме кешігіп келді. Өйткені сыйлық іздепті. Олардың сыйлығын үйге барғаннан кейін ашып көремін», - дейді Гүлзира Айдарбекова.

Гүлзира ханым Қайрат пен Жұлдыздың сыйлығынан хабарсыз болғанымен, әнші жігіт анасына арналған тартуын жасырған жоқ.
«Әйел адамға жылтырақ ұнайды дейді ғой. Биыл Жұлдыз екеуміз анамызға сол жылтырақтан алтын «кулон» алдық. Кішігірім бағалы заттар алдық. Анамыздың 50 жасқа толғанын өзіміз де байқамай қалыппыз. Кеше ғана 30 жаста еді. Сыйлығымыз ұнайды деген ойдамыз», - дейді Қайрат Нұртас.

Продюсердің меншікті мерекесінде талай құпиялдардың құлпы ашылды. Осыдан 10 жыл бұрын Айдарбековтер әулетіне келін болып түскен Жұлдыз Әбдікәрімова қазіргі таңда енесімен қарым-қатынасы өзгергенін айтады.
«Бір ғана өзгеріс бар. Ол мінезі, танымалдылығы, «жұлдыз» болғандығы емес. Бір өзгеріс: қазіргі таңда біз көп бірге болмаймыз. Себебі ол кісі көбінесе Алматыда. Мен Астанадамын. Мен келін болып түскенде үйге көп келетін. Көп сырласатын едік, көп сөйлесетін едік. Қазір өкінішке орай, біздің уақытымыз өте аз. Осы 10 жыл, 5 жыл бұрынғыдай біз көп сырласа алмаймыз. Заманның ағымына қарай. Мысалы мен осыдан 11 жыл бұрын келін болып түстім. 11 жыл бұрынғы заманды сіз де, біз де жақсы білеміз. Сондықтан біршама өзгерістер бар», - дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.

Сондай-ақ, елуді еңсерген Нұртас пен Гүлзира келіндерімен бірге тұруға құлықты емес. Ұлдары мен келіндерін бөлек шығарған жұлдызды жұп әзірге олардың көмегін қажетсінбейді.
«Келіннің қолына қарап, төмен қарап отырған ештеңеміз жоқ. Гүлекең бар-жоғы елуде, мен елуден енді астым. Бірақ келіндерін өте жақсы көретіні рас. Өйткені олардың да түсінігі өте жақсы», - дейді Нұртас Айдарбеков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1726832-50-zaska-tolgan-glzira-ajdarbekovany-almaty-trindegi-tojy-kalaj-tti-foto/