Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түнгі студиядан" кеткен танымал әзілкеш жарты миллион теңгеге той басқарып жүр

Опубликовано:

Танымал әзілкеш, "Түнгі студия" бағдарламасының бұрынғы жүргізушісі Дәулет Бижанов неліктен ол жұмыстан кетіп қалғаны мен жеке өмірі жайлы айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Дәулет Бижанов. Фото: NUR.KZ
Дәулет Бижанов. Фото: NUR.KZ: UGC

Дәулет бағдарлама жүргізушілері ауыспай тұрып, жұмыстан өз еркімен шығып кеткен.

"Эфирден, ол жұмыстан мені ешкім қуып жібермеді. Нұрлан кетпей тұрып, өз еркіммен шықтым. Өзге жоспарларым болды. Бірақ шынымды айтсам, бағдарламаны кеткелі қарамадым. Қайраттың жүргізгенін де, менің орныма келген Эльвира Ерғалинаны да қарай алмадым. Оларды ұнатпағандықтан емес. Күнделікті өмірде жақсы адамдар екенін білемін. Қазіргі құрамның бағдарлама тізгінін қалай ұстайтыны жайлы ештеңе айта алмаймын. Себебі, теледидар қарауға еш ыңғайы болмай жүр. Қолым босап, көк жәшіктің алдына отыруға мүмкіндік болған бойда бағдарламаны қараймын. Ал менің үй-ішім жаңа жүргізушілердің ұнамағандықтарын айтуда.

- Қазір немен айналысып жүрсіз?

-Қазір жеке шығармашылық жұмыстармен айналысудамын. Жақында Республика сарайында өтетін "Ән мен әнші" концертін Саржан ағаммен бірге жүргіземін. "Алматы" арнасында жұмыс жасадым. "Таңшолпан" бағдарламасында жүрдім. Бірақ, мұның барлығын жан жүрегіммен қаламағандықтан, ұзақ істей алмадым. Түрлі қауесет те тарады. "Осы Дәулет неге әр жерден көрінеді" деген сұрақ көбейді. Шынымды айтсам, кейбір тақырыпты мен эфир үстінде қозғай алмаймын. Өйткені, әке-шешем, бауырларым, қарындастарым көріп отыр. Оның үстіне маған аздап еркіндік беретін продюсер болса, жұмыс істеуге дайынмын. Қазір Алматы қаласында жүрмін. Осында өзімді шығармашылық жағынан дамытып, ашылмаған қырларымды сынап көрудемін.

- Той басқарумен де айналысасыз ба?

- Иә, тойды да басқарамын. Бірақ, өте қымбат бағада емес. 500 мың теңге көлемінде. Тойды өзіндік ерекшеліктерімен өткіземін. Мен жүргізген тойда "Қалыңдық құрбыларының қолына үкі тағып, жұғысты болсын" деп ырым жасайды. Сондай-ақ торт жегізудің орнына, самаурынмен шәй ішкізуді қолға алдым. Ал үп-үлкен кісілерді селкілдетіп билету мен мәдениет шекарасынан асып шығу мен жүргізген қуаныштарда болмайды

- Өнер саласындағы сымбатты жігіттердің бірісіз. Ал өз тойыңыз қашан өтеді?

- Осыдан бірнеше жыл бұрын үйленемін деген жоспарлар болған. Алайда, бұйрық болмаған шығар. Қазір ол қыз жайлы айту, оған да жақсы емес. Себебі, оның отбасы бар. Ал мен ойымдағы жан жолықса, биыл күзде үйленуге дайынмын. Заманауи дүние мен салт-дәстүрді сабақтастыра алатын бойжеткен кездестіремін деп ойлаймын.

- Болашаққа құрған жоспарыңыз қандай?

- Шығармашылықтан бөлек, өмірімді отбасыма арнағым келеді. Болашақта мемлекеттік жұмыс істеумен, елдің идеологиясының қалыптастырумен, қазақтың ұл-қыздарының рухын көтеру, санасын дамыту секілді істерді қолға алмақпын. Өзімнің басымнан өткен қиындықтарды жастар оңай еңсере алатын жағдай жасағым келеді.

- Сұхбатыңызға, рахмет!

Сұхбат өткізуге арнайы орын ұсынған "Оджахури" әкімшілігіне рахметімізді айтамыз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1728961-tngi-studiadan-ketken-tanymal-zilkes-zarty-million-tegege-toj-baskaryp-zr/

pixel