Шалқардан шыққан жұлдыздар Қайрат Нұртасты жоғары қойған әкімге өкпелі
Жарияланған күні:
Ақтөбедегі атышулы Шалқар ауданында өткен дүбірлі тойдың шуы басылар емес. Осыған дейін бейіт басындағы концертке тұрғындардың қарсы екенін жазған болатынбыз. Енді туған жерлерінде "жерлестер форумы" өтіп жатқанын естіген шалқарлық өнер жұлдыздары дау көтерді деп хабарлайды NUR.KZ.
Танымал әзілкеш Ерболат Төлеген Шалқарға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын эстрада жұлдыздарын қонақ қылған жерлестеріне ренжіген. Ол Instagram-дағы парақшасына Шалқардан шыққан тұлғаларды тізіп, әкімшілікке назын айтты.
«Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүбірлі той болып жатыр дейді, тойларыңыз тойға ұлассын, әкімшіліктегі ағалар.
Мен туып өскен өңірде "ШҰҒЫЛА ШАЛҚАРЫМ" деген атпен республикалық ЖЕРЛЕСТЕР форумы болып жатыр екен. Бірақ осы Шалқардан шыққан нағыз жерлестер - Лидия Кәденова, Байеділ Наурызов,Жанар Айжанова, Есен Елеукен, Бауыржан Ордин, Асxат Тарғын, Жаңабай Өтегенов секілді өнер азаматтарын шақырмаған екен.
Осы кешке келген өнер иелерінің Шалқардан екенін бірінші рет естідім.Жерлестер форумы деген аты болмаса, бірде-бір жерлесті көріп тұрғаным жоқ", - дейді Ерболат.
Әзілкеш халықтың наразылығына әкімшіліктің құлақ аспай, әкесі, ата-әжесі жерленген қорым басында концерт ұйымдастырылғанына да ренжіген.
«Ол аздай, гала концерт Шалқарда бейіттің қасында өтіп жатыр дейді. Бұл не сұмдық? Әкімшілік пен ұйымдастырушылар тарапы қайда қарап отыр? Мен мұны неге айтып отырмын, естуімше тұрғындар наразылық танытуда. Сол жерде туылып, өсіп-өнген мен де (қазір Алматыда тұрсам да) қарсымын.
Себебі сол қорымда менің атам, әжем және әкем жатыр. Шалқар үшін тер төккен қаншама ата-бабаларымыз жерленген. Марқұмдардың жатқан жерлері жайлы болсын. Дегенмен, өлгендердің басына барып концерт қойған өрескел қате. Алла сақтасын!
Басқа жерлер бар ғой концерт қоятын. Мысалы бұрынғы №39, қазіргі №5 мектепке қарама-қарсы стадионға жасаса болатын еді.Бұған көп ақылдың қажеті де жоқ, кішкене сананы қосса болғаны...", - дейді әзілкеш.
Cондай-ақ, дауға актер әрі тележүргізуші Бауыржан Орданың әйелі де араласып, күйеуі концерт қойғанда шақыру билетпен шақырса да келмеген әкімдік қызметкерлеріне ренжіген.
"Жолдасым Бауыржан Орда бір ауыз айтылса қуана барар еді деп ойлаймын! Қандай форум екенін білмеймін. Бірақ жерлестер форумы деген жазуды көзім шалды.
Айтайын дегенім бұл емес, жақында жерлестеріме есеп беріп қайтайын деген оймен концерт берді. Акиматқа шақыру беріп күттік. Ештеңенің қажеті жоқ, тек келіп өнерін тамашаласа деген ой болған. Өкінішке орай бір адам келмеді. Тіпті сол мәдениет үйінің бір қызметкерін көрмедім.
Көңілім қапа болды, мүмкін ренішім орынсыз ба? Білмедім....", - дейді Алтын Айниязова.
Шараға шақырылмай қалғанына Жанар Айжанова болса «картопты жарып» жүретін жерлестері туралы жазып, өкпесін білдірген.
"Бүгіндікке әлеуметтік желілерде осы әңгіме талқыға салынып жатыр.
«Шалқарың картопты жарып жатыр ғой» деп тістеніп сөйлегендер де жоқ емес. Кімнен кінәрат кеткенін мен білмеймін.
«Қатын» десем ішінде әжем де кетеді деген екен біреу. Сол сияқты ауылдас атқамінерлеріміздің біреуінің шымбайына тиіп кете ме деп ойлап отырмын. «Шақырмады» деп те өкпелеп отырған жоқпын. Шалқыған Шалқарымның желіде желініп жатқаны намысыма тиіп отыр.
Итің жаман десе де қылп ете қалатын жылқы мінезді қазақпыз. Болашақта тек қана төрден көріп, жаманатыңды естімейік туған жер дегім келеді", - деп пікір білдірген Жанар Айжанова.
Айта кетер болсақ, Шалқардағы дүбірлі той полиция қызметкерлерінің тәртіпті күшейтуімен өтіпті. Алыстан шақырылған әншілер болса бейіт жанында тұрып ән шырқап кеткен. Сахна қоршауының алыста болғаны сондай, тұрғындар әншілердің тек сұлбасын ғана көргендерін айтады. Ал тегін концертті тамашалауға келген халық санында шек болмаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1733559-salkardan-sykkan-zldyzdar-kajrat-nrtasty-zogary-kojgan-kimge-kpeli/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.