Белгілі доцент магистр атанып жүрген өнер жұлдыздарына шүйлікті

Опубликовано:

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мырзантай Жақып әбден байып, магистр мен докторларға айнала бастаған өнер адамдарына шүйлікті. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.

Мырзантай Жақып. Фото: Зерттеуші
Мырзантай Жақып. Фото: Зерттеуші: UGC

Ғалым өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жұлдыздарды сынайтын жазба қалдырған. Оның ойынша, "қалтасы қалың" жұлдыздар ертеңгі күні биілк басына келіп отырса, еш таңғалудың қажеті жоқ.

Ол ЕҰУ ректорының өзі жұлдыздардың алдында жүгіріп, жағымпаздана қызмет етіп қоймағанын көргеннен кейін осылай айтуға мәжбүр болған.

"Мұны көрген жас ұрпақ "ғылыми жұмысты әндетіп, тойлатып жүріп-ақ қорғай беруге болады екен ғой" деп ойламағанда қайтсін енді?!
Жазғы еңбек демалысының қарсаңында Ұлттық университеттің Тұңғыш Президент аудиториясына күштеп жинап алынған көпшіліктің алдында "диссертацияларын" ашық түрде "қорғаған" сол әнші-магистрлер мен әнші-PhD докторлары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеңілдете жеделдету үшін қандай ғылыми-инновациялық жаңалықтар ашты екен? "Әнші-ғалымдардың" ғылыми еңбектерін жариялаңыздаршы, оқып көрейік", - деді өз жазбасында Мырзантай Қожабайұлы.

Осы жазбаға қатысты жақында ғана магистрлік дипломын алған Мейрамбек Беспаев та өз ойымен бөлісті.

"Өзі ұстаз, өзі журналист-ғалым Мырзантай Жақып деген ағамыз фейсбукте мені ғалым болып біреудің орнын тартып алғалы жүрген адамдай сипаттапты. Менің өнерде өз жолым бар. Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін. Жаңа заман талабына сай сол оқыған білімімді дамыту үшін "Мәдениеттану" мамандығы бойынша магистратураны жалғастырдым. Өз салам бойынша білімімді жетілдіруге менің де құқым бар деп ойлаймын", - деді Мейрамбек өзінің парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1739639-belgili-docent-magistr-atanyp-zrgen-ner-zldyzdaryna-sjlikti/