Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

70 жастағы қазақ әжей немересі үшін қылмыскерлермен күреседі

Опубликовано:

1 қазаннан бастап «Хабар» телеарнасында «Детектив әже» телесериалы көрерменге жол тартады. Бұл немересіне талай қылмыстың басын ашуға көмектесетін әженің қызыққа толы хикаясы.

70 жастағы қазақ әжей немересі үшін қылмыскерлермен күреседі

Оқиға желісі бойынша Гүлдана әжей ұзақ уақыт ұстаз болған, қазір зейнеткер, ауылда өмір сүріп жатады. Ал оның мақтан тұтатын немересі Мұрат ІІМ академиясын тәмамдап, Алматыда тергеуші болып қызмет атқарады. Сирек жіберетін фотосуреттерге қарағанда күн сайын қылмыскерлермен күресіп жүр. Әжейдің ауылдастарыда оның немересін жақсы біледі, қаладағы жерлестерін мақтан тұтады.

Бірде Гүлдана әжейдің 70 жасқа толуына орай немересі ауылына келеді. Кішігірім тойдан кейін қария Мұратты полиция қызметінен баяғыда-ақ шығарып жібергенін, қазір нәпақасын кинодағы эпизодтық рольдермен тауып жүргенін біледі. Осыдан соң Мұрат бәрін тастап, туған ауылында қалуға бел буады. Бірақ Гүлдана әжей көршілердің алдында ұятқа қалмас үшін немересін жергілікті учаскелік бөлімшеге жұмысқа орналастырады да, ауылдастарына немересі денсаулығына байланысты сол жерде қалғанын айтады. Өкінішке қарай, әжейдің немересі қылмыстық істерді жүргізуде осал. Сондықтан бұл қызметті өз мойнына алады. Осы тұста оқиға қыза түседі.

70 жастағы қазақ әжей немересі үшін қылмыскерлермен күреседі

Картинада басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінабиева мен жас актер Нияз Шайсұлтанов сомдайды.

«Сценарийді алып оқыған кезде кейіпкерімнің өзіме ұқсайтындығын, яғни ешқандай айырмашылық жоқтығын байқадым. Өйткені ол да актер болуды армандап, күнделікті саналуан кастингтерге барып жүреді. Мұндай оқиғалар тура менің басымнан өткен. Алайда ешкім рөлге алмайды, себебі білімі жоқ. Сондықтан оны актер деп те, полиция қызметкері деп те айта алмаймыз. Өмірде көптеген қиындықтарға тап болып, сәтсіздіктерге ұшырайды. Ол не істерін білмей өзіне деген сенімін жоғалта бастайды. Солай ауылда қалуға бел байлайды»,- дейді Нияз Шайсұлтанов.
70 жастағы қазақ әжей немересі үшін қылмыскерлермен күреседі

Фильмде Гүлдана апай жетпіске толса, осы жылы актриса Ғазиза Әбдінабиева да жетпіс жасқа толған. Бұл жөнінде актриса: «Сценарийдегі ең қызықты сәт «70 жылдық». Мен олай болады деп ойламадым. Мүмкін бұл менің адал еңбегіме, 50 жыл өнерде жүргендегі жұмысыма деген Алла Тағаланың жоғарыдан сыйы болар. Осы сәтті түсіргенде қатты толқыдым. Ал, жалпы детективтің рөлін сомдау қиын болмады. Себебі жанымда жақсы актерлар болды. Баламды ойнап жүрген Нияз сондай жаны таза, жандүниесі ашық, болашағы бар актер. Сонымен қатар театрдың мықты актерлері жиналған. Қасыңдағылар жақсы болса, өзіңнің де рөлің жақсы шығады», - дейді.

«Оқиға желісі өте қызық. Рөлдерді ойнайтын актерлердің бейнелері де, мінездері де ерекше болуы керек. Біз үйреншікті нәрселерді қолданбауға тырыстық. Мұнда ауылды үнемі көріп жүргендей емес, өзгеше етіп бергіміз келді. Көпшілігі ауылды ескі, адамдарын олпы-солып киініп, бір-бірімен қатынасын дөрекі етіп көрсетеді. Бірақ бұл телехикаяда бәрі басқаша, менің кейіпкерлерім интелегентті, тәрбиелі, қазақтардың ақсүйектері секілді. Нағыз ауылдың адамдары. Ал, әжеміз қарапайым әже емес», - дейді сериалдың режиссері Серікбол Өтепберген.

Олай болса, 1 қазаннан бастап сағат 19.15-те «Хабар» телеарнасынан «Детектив әже» комедиясын өткізіп алмаңыздар.

*PR құқында

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1755046-70-zastagy-kazak-zej-nemeresi-sin-kylmyskerlermen-kresedi/

pixel