RU

Гаухар Нұртас Димаш пен Данэлия қатысып жатқан шоуда қазылық етпекші

Тhe world's best америкалық шоуының халықаралық әділ-қазысы Гаухар Нұртас отандастары Димаш Құдайберген мен Данэлия Тулешованың өнеріне қандай баға бергенін айтып берді. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.

Гаухар Нұртастың АҚШ-та тұрғанына 17 жыл болған. Ол Лос-Анджелестегі Hollywood film academy кинокомпаниясының қожайыны.

Қазақстандық әйел үлкен мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, кино түсіреді.

Ол біздің елімізге 2016 жылы жарыққа шыққан "Тоқал" фильмі арқылы танылған.

"Мені америкалық CBS телеарнасы ұйымдастырып жатқан Тhe world's best шоуының әділ-қазылар құрамына шақырды. Лос-Анджелестегі Қазақстанның ресми елшілігі тікелей хабарласты. Сол сәтте керемет сезімде болдым

Бұл - мен үшін үлкен мәртебе, себебі Қазақстанды таныстыратын боламын. Бір жағынан үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мен америкалық аренада Димаш пен Данэлия сынды жұлдыздардың елімізді танытып жатқанына қуаныштымын.

Қазақстанның атынан осы әртістердің қатысатынын естігенде төбем көкке жетті. Олар вокалдық қабілеттері жоғары, сахнада өзін еркін ұстайтын талантты әншілер. Қос әншінің өнеріне шетелдіктер таңданыс білдіргенде, қатты марқайып қаламын", - деді Гаухар.

Мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін Гаухар Нұртас халықаралық 50 әділ-қазының құрамына кірді.

"Әрине, бұл менің мансабымдағы ерекше қадам болып табылады. Әділ қазылардың арасынан 49 жаңа дос таптым десем де болады. Біз оларды "әлем қақпасы" деп атаймыз. Енді әрбір мемлекетте танысым бар деп сенімді түрде айтамын. Әрбір әділ-қазы өздерінің саласының шеберлері", - деді Гаухар.

Отандасымыз Қазақстанда таланттылар көп екенін жеткізді.

"Қазақстан таланттыларға толы өлке. Кейбірінің халықаралық аренада өнер көрсетуі бізді қуантады. Димаш пен Данэлия ел үмітін ақтап жүргендердің қатарында.

Отандастардың есіне сала кетсем, біздің әртістер сіздердің қолдауларыңызды күтеді. Сол үшін The World’s Best шоуының Твиттердегі парақшасына кіріп, дауыс беруді ұмытпаңыздар. Данэлия мен Димаштың шоуды жеңіп алуына мүмкіндіктері бар деп ойлаймын", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1778774-gauhar-nrtas-dimas-pen-danelia-katysyp-zatkan-souda-kazylyk-etpeksi/