Кәмшат Жолдыбаеваның жаңа клипін өнердегі әріптестері қатаң сынға алды
Опубликовано:
Кәмшат Жолдыбаеваның "Caramel" атты жаңадан шыққан клипін өнердегі әріптестері сынға алды. "Астана" арнасының "Ел аузында" бағдарламасында Меруерт Түсіпбаева мен Бағдат Сәмединова бейнебаянның кемшіліктерін сөз етті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Меруерт Түсіпбаева әншінің клипіндегі биде иілгіштік, икемнің кемшіл тұстарын байқаған.
"Көрдім. Мен ойлаймын, жаңағы... Бізде хореографияны бітірген Әйкерім Қалаубаева деген әнші бар. Егер сенің Әйкерім сияқты пластикаң болмаса, ондай жасап қажеті жоқ деп ойлаймын. Қимылдары біртүрлі-біртүрлі. Орыстарда "угловатый" дейді. Мен тағы да айтамын... Егер сен профессионалды түрде балерина болмасаң... Бәлкім оны Әйкерім жасаса, қалай киінсе де...
Мен киім туралы, стиль туралы айтып тұрған жоқпын. Негізі биің де, киімің де бәрі сәйкес болу керек. Кәмшаттың биі біртүрлі, аяғы көтерілмей қалған сияқты ма? Жетпей қалған сияқты ма? Мен ойладым, егер Әйкерім Қалаубаева болса, қатты сын болмас па еді?! Өйткені, ол бәрібір балерина ғой. Біз енді балетке де барамыз ғой. Түк етпейді ғой. Ол жерде тіпті қыздар одан да жалаңаш жүреді ғой.
Сол себепті мен өрескелдік, жағымсыздық, жараспай тұруы киім киісінде емес, қимылында деп едім. Әйтеуір биші емес. Сол көрініп қалыпты. Сол көрерменнің көңілінен шықпай тұр. Пластикасы түзу болмай, аяқтары жарты-жарты көтерілмей...
Кәмшат, жарайсың! Эксперимент керек. Егер ол болмаса, біз батпақта қала береміз. Одан қорықпау керек. Эстрада эксперимент алаңы. Эстарадада жаңалық болса, мен оны жақсы қабылдаймын", - дейді Түсіпбаева.
Ал еліміздің еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова Жолдыбаеваның бұл ісіне көз жұма қараған ата-анасына шүйлікті.
"Елден естіп жатырм. Енді біздің қазақтың қызына тән нәрсе емес. Қазақтар "Етегін ашып, күлін шашып" деп айтатын қазақтар. Ол жақсы нәрсе емес. "Мен осылай ете алады екенмін" деп енді... Жалпы қазақтың баласына тән қасиет емес қой. "Қазір жастар осындай екен" деген ақпарат көп. Бірақ ата-ана, "қазақпын" деген адам өз баласын қалай ашық-шашық тәрбиелейді?
Мен мысалы өз ошағы бар қыздарымның киімдеріне мән беріп отырамын. Олар да үйренген, ашық киінбейді. Не ол өзі? Әр ұлттың өзінің ұлы қасиеттері бар. Одан біздің қазағымыз жаман болмас еді.
Ал Жазира Байырбекова Кәмшат Жолдыбаеваның батылдығына қайран қалатынын жасырмады.
"Мен дұрыс немесе бұрыс деп айта алмаймын. Ешкімге сын айта алмаймын. Бірақ Кәмшаттың батылдығына таңғаламын. Осындай елде тұрып, осындай қадамға барған батылдығы мені таңғалдырады", - дейді Жазира Байырбекова.
Естеріңізге сала кетейік, Кәмшат Жолдыбаеваның жұртты шулатқан клипі осыдан екі апта бұрын жарыққа шыққан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1794828-kmsat-zoldybaevany-zaa-klipin-nerdegi-riptesteri-kata-synga-aldy/