"Өз таңдауымды жасадым": Шоу-бизнес өкілдері жаппай дауыс беруде (фото, видео)

Опубликовано:

Отандық шоу-бизнес өкілдері де болашақ ел президентін таңдауға өз үлесін қосуда. Өнер иелері желідегі парақшаларына сайлауға барып, дауыс бергенін жаппай жазуда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алтынай Жорабаева, Майра Мұхамедқызы. Фото: Әншілердің жеке парақшасы. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Алтынай Жорабаева, Майра Мұхамедқызы. Фото: Әншілердің жеке парақшасы. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Instagram

Олар маңызды сәттен фото мен видеоны желідегі парақшаларында жария еткен.

Алтынай Жорабаева сайлау учаскесінен арнайы видео жолдап, өзінің ел президентін сайлауға тек себепші бола алатынын жеткізді.

Аша Матай мен Асхат Тарғын өзінің таңдауын жасағанын жеке парақшаларында мәлім етті.

Елімізге танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт те әр адамның таңдауды өзі жасау керектігін айтты.

"Мен, менің отбасым тәуелсіз, бейбіт, адамды алаламайтын, әділдік билік құрған, ауызбіршілігі зор, алдыңғы қатарлы мемлекетте өмір сүргіміз келеді.Бүгінгі шыққан биігімізден құлдиламай, тоқырамай, тоқтамай дамуды көздейік.
Жеті кандидаттың бәрі осы елді шын жүрегімен сүйетін патриот екеніне шүбә келтірмеймін. Бізде Қазақстаннан басқа отан жоқ, болмайды да! Біз басқаны паналап, ол елге ешқашан туғанындай болмаймыз! Сондықтан аталарымыздың қолында болмаған мүмкіндікті пайдаланып, таңдауды өзіміз жасап, өз жерімізге өзіміз ие болайық", - деді Дана Нұржігіт Instagram парақшасында.

Ал Майра Мұхамедқызы президент сайлауына дауыс беру үшін арнайы Қырғызстандағы Қазақстан елшілігіне барған.

"Бүгін ертемен Бишкектегі Қазақстанның елшілігіне сайлауға келіп өз даусымды бердім. Посол Карим Көкрекбаев мырза әр келген азаматтарды жылы қабылдап жатыр екен. Болашағымыз жарқын болсын! Бейбіт өмір болсын", - деп жазды опера әншісі.

Сондай-ақ актриса Самал Еслямова дауыс беру үшін туған жері Петропавлға арнайы келген. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

Самал Еслямова. Фото: Sputnik Казахстан/Елена Бережная
Самал Еслямова. Фото: Sputnik Казахстан/Елена Бережная: UGC

Продюсердің қызы Айсәуле Бақытбек көпшілікті сайлауға барып, дауыс беруге шақырды.

"Өмірге өкпелеп, бірақ еш әрекет жасамайтын адамдарға таңғаламын. Сайлауға барып, өздерің таңдаған адамға дауыс беріңдер. Бүлінген бюллетен мен "бәрі шешіліп қойған" деген сөзден тек өздеріңіз зардап шегесіздер.
Өздеріңіздің азаматтық парыздарыңызды орындаңыздар. Алда әлі 4 сағат уақыттарыңыз бар. Бүгін тарихи күн. Бірлік болса, бәрі де болады", - деп жазды Instagram парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін 9 маусым күні елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1798629-z-tadauymdy-zasadym-sou-biznes-kilderi-zappaj-dauys-berude-foto-video/